Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Аққайың ауылындағы жаңа медициналық пункт Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Жобаның құны – 237 млн.теңге.
«Мемлекет басшысының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында Мәртөк ауылында екі бірдей нысанның құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі бүгін ашылды. Сіздерге құтты болсын. Жаңа нысанның ашылуы біріншіден, медициналық көмекті қолжетімді етеді, екіншіден, жаңа жұмыс орны», - деп атап өтті нысанның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.
Жаңа ғимараттың ашылуына денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Тымпиев, Мәртөк ауданының әкімі М.Ысқақов та қатысты.
Пункте әзірге бір медбике жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 3 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Мұнда тәулігіне 20 адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Күндізгі стационар және физиотерапия кабинеттері тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған, сондай-ақ, олар скринингтен өтіп, екпе ала алады.
Бүгінде Аққайың ауылында 410 адам тұрады, басым бөлігі - аға буын өкілдері. 33 жылда заманауи әрі жаңа ғимаратқа қол жеткізген олар қуанып отыр. Ауыл тұрғындары медициналық көмекті ауылдық клуб ғимаратындағы арнайы бөлмеде алып келген.
«Ем керек болса, 35 шақырым жерде орналасқан ауылдық клубқа барып жүрдік. Енді міне, үйіміздің қасынан ашылып жатыр. Қажет деген дәрі-дәрмегімізді оңай әрі уақытылы алатын болдық. Өте қуаныштымыз. Ғимаратты салуға атсалысқан барша азаматқа алғысымды білдіремін», - деп ауыл ақсақалы Сәрсенбай Ермағамбетов батасын берді.
Баспасөз қызметі