Іс-шараға Орталық аппарат басшылығы, депутаттар және парламенттік фракцияның жетекші сарапшылары қатысты. Күн тәртібінде партия стратегиялық бағытының негізгі мәселелері мен қоғамдық бірлестіктің даму перспективалары қаралды. Партия құрылымы мен басқару жүйесінде жоспарланып отырған өзгерістерге, сондай-ақ, Respublica-ның елдің саяси жүйесіндегі позициясын нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді мақсаттарды қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, партияны өңірлерге жақындатып, олардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бастамалар әзірлеу мәселелері талқыланды. «Respublica – бұл әрекет партиясы, болашақ партиясы. Біз еліміздің барлық азаматы үшін әділеттілік пен қарқынды дамуды қамтамасыз ету мақсатында үлкен міндеттер қойып отырмыз», – деп атап өтті Айдарбек Қожаназаров кездесуді қорытындылай келе.