Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өкімімен Қанатай Жорабекұлы Далматов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
***
ҚР Үкіметінің қаулысымен Кеген Ахметұлы Тұрсынбаев Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Ол 1971 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ленин комсомолы атындағы екі мәрте Қызыл Тулы Рязань жоғары әуе десанттық командалық училищесін, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
Әр жылдары ҚР Республикалық ұланы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қатарында қызмет еткен.
2020-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті департаментінің басшысы болып жұмыс істеді. 2021-2022 жылдары – ҚР Президенті Іс басқармасының бөлім бастығы. 2022-2024 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінің құрылымында басшылық қызметтер атқарды. 2024 жылғы сәуірден бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы.
***
Көлік министрінің бұйрығымен Жәнібек Жұмаұлы Тайжанов Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
Ол 1982 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Қазақ қатынас жолдары университетін, Азаматтық авиация академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы бастаған, ұзақ жылдар бойы «Қазақстан темір жолы» ҰК филиалдарында жұмыс істеді. 2014-2019 жылдары — ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі департаменті директоры.
2019-2022 жылдары — ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары. 2022 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін — «Қазақстан темір жолы» ҰК «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы – бас директоры.
***
Қыдырберді Әндірұлы Беков ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды.
Ол 1977 жылы дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетін бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы Маңғыстау облыстық жерге орналастыру бөлімінде инженер-жерге орналастырушы болып бастаған. 2004-2010 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің аппараты Жер ресурстары басқармасында жерге орналастыру бойынша бас маман, бөлім бастығы және бас инспектор болып жұмыс істеді.
2010-2011 жылдары Маңғыстау облысы Басқұдық ауылдық округінің әкімі. 2011-2023 жылдары Маңғыстау облысы Қарақия ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі.
2023-2024 жылдары ҚР Үкіметі Аппаратының өңірлік инспекторы.
***
Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Мейрам Әбікеев Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды.
Полиция полковнигі Мейрам Әбікеев бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы ІІД бастығының орынбасары болған.
***
Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарған Серік Қожаниязов енді «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы вице-президенті қызметіне тағайындалды.
Серік Қожаниязов 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Кузбасс политехникалық институтын (РФ) «Инженер-механик» мамандығы бойынша бітірді. 2002 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетінің Қызылорда филиалын экономист-қаржыгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда қаласындағы №2 механика-жөндеу зауыты учаскесінің инженер-технологы, шебері болып бастаған. 1992-1999 жылдары «Серік» шағын кәсіпорнының, «Арко-инвест» инвестициялық жекешелендіру қорының директоры болды. Одан кейінгі жылдарда Қызылорда қаласы әкімінің жанындағы «Қалалық бизнес-орталық» мемлекеттік кәсіпорнының және Қызылорда облысы әкімінің жанындағы «Инвестициялар тарту және бағалы қағаздар нарығын дамыту орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының директоры, Қызылорда қаласындағы «Сенім» ашық жинақтаушы зейнетақы қорының директоры қызметтерін атқарды.
2001-2007 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры;
2007-2008 жылдары Қызылорда қаласының әкім лауазымында болса, 2008- 2014 жылға дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмысы және Өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы, осы бөлім меңгерушісінің орынбасары, бұдан әрі Премьер-Министр Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі, 2014-2019 жылға дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі, 2019-2022 жылға дейін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, 2022-2024 жылға дейін Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Ал 2024 жылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарды.
***
Елордалық «Барыс» хоккей командасының бас директоры қызметіне Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Бұл шешімді «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры қабылдады.
Сонымен қатар қазақстандық маман Ғалым Мәмбетәлиев «Барыс» хоккей клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды.
Ғалым Мәмбетәлиев 1965 жылы дүниеге келген. Спорттық мансабында 1980-2002 жылдар аралығында ресейлік және қазақстандық клубтардың намысын қорғады. 2002 жылдан бері бапкерлік қызметпен айналысады. Бұған дейін елордалық клубта 2004-2005, 2017-2018, 2023 жылдарда бас бапкер және көмекшісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, еліміздің ұлттық құрамасына 2018, 2023 жылдарда жетекшілік етті.