Алматыда қандай үйлер жер сілкінісіне төтеп бере алады

Фото: Kazinform

Елде қазір салынып жатқан көпқабатты үйдің бәрі қауіпсіз. Мұндай пікірді Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институтының өндіріс жөніндегі басқарушы директоры, техника ғылымдарының кандидаты Ералы Шоқбаров айтты.

Маманның сөзінше, Алматы қаласындағы үйлердің бәрі 9-10 балдық жер сілкінісіне есептеп салынған.

– Қазір үйлердің басым бөлігі монолитті және металды каркас төзімдік диафрагмасы бойынша салынады. Үйлер арасында табиғи апат кезінде ең төзімдісі – монолит және панельді үйлер. Олар сейсмикаға тұрақты. Монолитті құрылым, іргетастағы буындардың, тігістердің және нүктелік жүктеменің жоқтығы сейсмикалық белсенділік жоғарылаған жағдайда тұрақтылыққа кепілдік береді. Тұтас монолитті болғандықтан, ол жеке-жеке қирап қалмайды. Біздегі үйлердің бәрі қабырғалы. Әрине, ол құрылыстың сапасына байланысты. Тіпті, сапасыз үйдің өзі төтеп бере алады, - дейді маман.

Спикер зілзала болса, саман кірпіш пен ағаштан салынған үйлер бірінші қирайтынын айтады.

– Кеңес заманында кірпіштен, саман мен лай топырақтан салынған, бір-екі қабатты ағаш қаңқалы үйлер зілзалаға төтеп бере алмайды. Олар сол заманғы құрылыс нормаларына сай келгенімен, қазіргі сейсмикалық аймақтың нормасы мүлде бөлек. Бір мысал келтірейін, осыдан 5-6 жыл бұрын Сәтпаев көшесіндегі Орталық стадионның артында орналасқан осындай ескі үйді сынап көрген едік. Тексеріс кезінде екі подьезді, үш қабатты үйдің төбесіне арнайы құрал қойылды. Сол кезде ғимараттың 9 балға төзбейтінін көрдік. Қирап қалмаса да әрі қарай жөндеуге жарамайтын жағдайға жетті, - дейді ол.

Айтуынша, сейсмикалық аймақта саман кірпіштен қалай үй салуға болатыны туралы арнайы құрылыс нормасы жасалған.

– Жаңа құрылыс нормасын өңірлерге тараттық. Ауыл-аймақта саман кірпіштен қалай үй салуға болады? Қолда бар материалды дұрыс қолдану керек. Саманнан салғаннан кейін төбесіне антисейсмикалық белдеме құю керек. Оның үстіне топырақ, күл емес, жеңіл материалдарды қолданған абзал. Қазір оның неше түрі бар. Сондай-ақ ағашты тігінен емес, қиғаштап қақса, ғимараттың бұрылуына жол бермейді. Біз осындай баспананы эсперименталды алаңда салып, тексеріп көрдік. Төзімді екенін дәлелдедік. Бұл – экологиялық таза материал, қыста жылы, жазда салқын болады, - деп түйіндеді спикер.

Еске салайық, Алматы 10 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. 

Мегаполисте 1116 ғимарат тектоникалық жарықта тұр. Оның 754-і сейсмикалық төзімді, 362-сі сейсмикалық тұрғыда берік емес.  

Advertisement
Share Post