Алматыда оқушы орындарының тапшылығын жою шаралары күшейтіліп келеді

Бұл туралы әкімдіктің ресми сайтында хабарланды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен қаладағы оқушы орындарының тапшылығын жою және білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуына арналған жұмыс кеңесі өтті.

2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Алматыдағы 360 мектепте 357 225 оқушы білім алды. Қазіргі таңда қалада 29 735 оқушы орнына қажеттілік бар. Әсіресе, Әуезов, Алатау және Бостандық аудандарында тапшылық көптеп байқалады. Жүктеменің артуына мектеп жасындағы балалар санының көбеюі және ішкі көші-қон әсер еткен. Тек былтырғы оқу жылының өзінде Алматы мектептеріне еліміздің басқа өңірлерінен 17 847 оқушы ауысып келген. Олардың жартысына жуығы Алматы облысынан.

Кеңес барысында қолданыстағы тапшылықты кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік беретін кешенді шаралар қаралды. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін қалада сегіз жаңа мектеп ашылады. Оның жетеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында, біреуі жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған мектеп. Сонымен қатар қолданыстағы үш мектепке қосымша ғимараттардың құрылысы аяқталады. Соның нәтижесінде 12 200 жаңа оқушы орны ашылады.

Кеңесте мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту жайы да қаралды. Қазіргі таңда Алматыда 1 098 балабақша жұмыс істейді, оларға 88 мыңнан астам бала барады. Жыл басынан бері шамамен 3 мың орындық 33 жаңа балабақша ашылды. Жыл соңына дейін тағы 23 балабақша ашу жоспарланған. Бұл мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейін 96,6%-ға жеткізіп, кезекте тұрған балалар санын екі мыңға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Кеңес соңында Алматы әкімі жаңа білім беру нысандарын уақытылы пайдалануға беруді, барлық жобаның жүзеге асырылуын күшейтуді және шаһардағы халық саны қарқынды өсіп жатқан аудандарда оқушы орындарының тапшылығын кезең-кезеңімен жою үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.


Бөлісу