АЭС құрылысы мәселесі 10 жыл бұрын шешілуі тиіс еді — сарапшы

Фото: kapital.kz

Елімізде АЭС құрылысына қатысты мәселені 10 жыл бұрын шешу керек еді. Бұл туралы елордада инновациялық және орнықты дамудың кешенді стратегиясына арналған форумда Климаттың өзгеруі орталығының директоры Айдын Бакдолотов мәлім етті.

«Біз біраздан бері елімізге атом энергетикасы керек екенін айтып келеміз. Менің ойымша, бұл мәселе 10 жыл бұрын шешілуі тиіс еді. Референдум АЭС салу тұрғысында оң шешім бергенін ескере отырып, ендігі іс-қимылды жылдам жүзеге асырған жөн», — деді А. Бакдолотов тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, елімізге болашақта қолданыстағы жылу электр (көмір жағатын) станцияларының орнына кем дегенде үш АЭС салу керек болады.

«Бізде жаңартылатын энергия көздерін де, атом энергетикасын да қатар дамыту қажет. Бұл екеуін бір-біріне қарсы қоюға болмайды, себебі осы екі бағыт та таза энергия санатына жатады. Атом электр энергиясы дамыған елдерде бұрыннан пайдаланылып келеді. Бұл саладағы әрбір элементтің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Әрине, бастапқыда АЭС құрылысына қомақты инвестиция қажет болады. АЭС салынғаннан кейін оның ұзақ мерзімде энергия беруге қауқарлы екенін назарға алсақ, ол өзін ақтай алады. Алдағы 15 жылда Қазақстанда үш АЭС болуы керек деп санаймын. Себебі осы аралықта біздің экономикаға ауқымды электр энергиясы қажет», — деді сарапшы.

Оның сөзіне қарағанда, электр энергиясының тарифі қалай болғанда да өсе береді, яғни бұл жағдай АЭС құрылысына байланысты емес. Себебі еліміздегі жылу электр станцияларының басым бөлігі ескірген.

«Егер Үкімет АЭС құрылысына халықаралық консорциумды жұмылдыру шешімін жасаса, онда бірнеше ел тартылуы мүмкін. Халықаралық тәжірибе осындай шешімдер жасалып жатты. Сондықтан бізде де консорциум болуы мүмкін деп ойлаймын», — деді Айдын Бакдолотов.

Айта кетейік, бүгін Орталық референдум комиссиясы 6 қазанда өткен республикалық референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады.

Оған сәйкес, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12 пайызы немесе 5 561 937 адам Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін қолдады. Ал қарсы дауыс бергендер саны — 2 045 271 адам.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС бойынша референдумда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берді.

«Үкімет сараптамамен айналысып, тиісінше келіссөздер жүргізуі қажет. Дегенмен, бұл — мәселеге қатысты менің жеке көзқарасым. Қазақстанда ең озық технологияларға ие әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі тиіс. Бірақ, мұнан арғыны өмір көрсетеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Advertisement
Share Post