ҚазМұнайГаз геологиялық барлау жұмыстарын жандандырып, ел қорын толықтыруда

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ көмірсутек қорларын ұлғайтуға және еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған геологиялық барлау қызметін белсенді дамытуда.

Озық технологияларды енгізу, халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнату және жер қойнауын зерттеу үшін стратегиялық тәсілді қолданудың нәтижесінде ҚМГ бұл бағыттағы жұмысты жандандырып келеді.  Жер қойнауында терең орналасқан қорлардың мүмкіндігін зерттеу аясында ҚМГ 2024 жылы мамыр айының соңында Қызылорда облысында Торғай Палеозой жобасы бойынша тереңдігі 5500 м ұңғыманы бұрғылауға кірісті. Ал қарашада Атырау облысында Қаратон Подсолевой учаскесінде тереңдігі 5500 м ұңғыманы бұрғылау басталды.

 Терең ұңғымаларды бұрғылау көп қаржыны қажет ететін бастама, оның үстіне бұл жұмыс үлкен геологиялық әрі технологиялық тәуекел. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған «Жақсартылған модельдік келісімшарт» тетігі осындай күрделі жобалардың тартымдылығын арттырды.

 Сонымен қатар былтыр желтоқсанда Ақтөбе облысында Қаражар жобасы бойынша тереңдігі 3000 м алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылау жұмыстары басталды, сондай-ақ Атырау облысында Тайсойған учаскесінде алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жоба аясында 8 тәуелсіз ұңғыманы (400-3800 м) бұрғылау жоспарланып отыр.

 Бұдан бөлек, ҚМГ Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы Мұғалжар, Березовский, Болашақ, Жарқын және Солтүстік Өзен — жаңа перспективті учаскелерде жер қойнауын геологиялық зерттеу бағдарламасы бойынша мүмкіндіктерін дамытып жатыр.

 60-қа жуық халықаралық компанияны қамтыған жаһандық роуд-шоу өткізу аясында ҚМГ геологиялық барлау жобаларын бірлесіп іске асыру үшін стратегиялық серіктестерді тарта алды, бұл өз кезегінде инвестиция мен жаңа технологияларды тартуға мүмкіндік береді.

 2024 жылдың қазан айында CNOOC-мен Жылыой жобасы бойынша келісімге қол қойылды. Мұғалжар жобасы бойынша стратегиялық серіктестерді іздеу аясында Shell және Chevron компаниялары анықталды. 2025 жылы 10 қаңтарда ҚМГ олармен аталмыш учаскенің мүмкіндігін бірлесіп зерттеу мақсатында геологиялық ақпаратты пайдалану құқығын беру туралы келісімшарттар жасасты. Болашақ жобасы бойынша «Қарамаржан Групп» компаниясымен ынтымақтастық орнатудың негізгі талаптары қабылданды, бұл ұлттық компанияның отандық инвесторлармен ынтымақтастыққа деген ұмтылысын растайды және көмірсутектерді іздеу саласында жергілікті компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Басқа жобалар бойынша ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Березовский жобасы бойынша әлеуетті стратегиялық серіктестер өтінімдерін берді.

 Жер қойнауын геологиялық зерттеу 1.0 жобаларына серіктестерді тарту нәтижесі бойынша инвестицияларды қайтару жоспарда, ол қаржы Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарындағы Береке, Шығыс және Шу-Сарысу жобалары бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеу жөнідегі 2.0 жаңа бағдарламасының сейсмикалық барлау жұмыстарын іске асыруға жұмсалады. Жұмыстар 2025 жылы басталады деп жоспарлануда. 

Осылайша, ҚазМұнайГаз Қазақстанның мұнай-газ саласының тұрақты дамуына елеулі үлес қоса отырып, өңірлердегі қорларды ұлғайту бойынша жан-жақты әрі ауқымды жұмыс жүргізуде.

Ашық дереккөздерден 

Share Post
Ілмектер