Қазақстандық фильм Италиядағы фестивальда көрсетілді

Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметі хабарлайды

Қазақстандық режиссер Алина Мұстафинаның «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» фильмі Италияның Больцано қаласында 4-13 сәуір аралығында өтіп жатқан 38-ші Bolzano Film Festival Bozen фестивалінің байқаудан тыс бағдарламасына қатысты. Аталған фильм Piccole lingue DOC бағдарламасы аясында көрсетілді, бұл бағдарлама болмыс пен мұра тақырыптарын қамтитын деректі фильмдерге арналған.

Кинокартина ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген. Өндірісті UVENT production кинокомпаниясы жүзеге асырды. Фильмнің продюсерлері – Ақжол би Сәрсембаев пен Еркежан Мақсұт.

Фильмде Лябиба есімді кейіпкер 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған әкесінің қабірін іздейді. Туынды түп-тамырын танығысы келген әрбір адам үшін жан тебірентерлік.

Бұл жоба бұған дейін де халықаралық деңгейде мойындалып үлгерді – фильмнің әлемдік премьерасы Пусан кинофестивалінде, еуропалық премьерасы Туринде өтті. Кинокартина Алматыдағы «Бастау» фестивалінде «жарқын дебют» жүлдесін, ал Тегеранда өткен Cinéma Vérité фестивалінде «Үздік халықаралық фильм» жүлдесін жеңіп алған болатын.

Айта кету керек, 1987 жылы құрылған Bolzano Film Festival Bozen фестивалі мәдени және тілдік әртүрлілікке ерекше мән береді.


Ақпараттық қолдау негізінде

Бөлісу