Кино орталығы "Сыбыс" көркем фильмінің түсірілімін бастады

Бұл туралы ведомстваның ресми сайтында жарияланды

Алматы облысында «Сыбыс» көркем фильмінің түсірілімі басталды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда. Түсірілімнің басталуына орай өткен дәстүрлі «тәрелке шағу» рәсіміне Кино орталығының басшылығы мен түсірілім тобы қатысты.

Фильм — 2025 жылғы питчингтің жеңімпазы. Жоба жас режиссер Телжан Нұрмаханның дебюттік жұмысы болса, продюсері — мемлекеттік қолдаумен түсірілген фильмдер арасында өткен жылдың прокат рекордсмені атанған «Qaitadan» туындысымен танылған Жалын Тілеуберген.


«Фильмнің шығармашылық тобы жас әрі талантты мамандардан құралған. Туынды қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп, көпшілікке жақын тақырыптарды қозғайды әрі өмір шындығына негізделген. Жоба мемлекеттік қаржы есебінен жүзеге асырылып жатқандықтан, оның сапасы мен мазмұнына ерекше мән беріледі. Түсірілім тобы жұмысқа толық дайын», — деп атап өтті Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

«Сыбыс» — сөздің құдіретін ашатын туынды: бір ауыз абайсыз айтылған сөз тағдырларды өзгертуі мүмкін. Әуелде жеңіл өрбитін оқиға біртіндеп терең драмаға ұласып, ұлын қорғауға тырысқан әкенің өз ұстанымдарының құрбанына айналуын бейнелейді.

Айта кетейік, фильмге 2025 жылы Кино орталығы ұйымдастырған «JARQYRA» республикалық кастингінің нәтижесінде іріктелген актерлер қатысуда. Кастинг еліміздің 19 қаласында бір мезгілде өтіп, оған мыңнан астам жас талант қатысты. Іріктеуден өткен үздік қатысушылар Кино орталығының ресми актерлік базасына енгізіліп, бүгінде жаңа жобаларға белсенді түрде тартылуда. Бұл жас өнерпаздарға кәсіби тұрғыда дамып, еліміздің маңызды кинотуындыларына қатысуға мүмкіндік береді.

Бөлісу