Илон Маск Tesla компаниясына тиесілі роботаксиді таныстырды

Фото: Tesla

Илон Маск өзі иелік ететін Tesla компаниясы шығарған Cybercab роботтандырылған таксиді таныстырды.

Бұл туралы Ras.kz тілшісі ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Көріп тұрғаныңыздай, мен мұнда роботаксимен келдім. Менің ойымша, бізді жарқын болашақ күтіп тұр», - деп бастады сөзін миллиардер.

Тұсаукесер Калифорния штатындағы Warner Bros. студиясында, ал көрсетілімі Tesla компаниясының X парақшасында (бұрынғы Twitter) жүргізілді.

Масктың айтуынша, қазірдің өзінде жолаушыларды тасымалдау толық автономды режимде жүргізілетін, яғни жүргізу механизмдері жоқ 50 электр көлігі бар.

Ол кәсіпкерлерге арналған бір робот таксидің құны 30 мың долларды құрайтынын айтты, бұл ретте қызметті пайдаланушылар әр миль үшін шамамен 30-40 цент төлейді.

Маск роботакси жобасын тамыз айында таныстыруға уәде берді, бірақ тұсаукесерден бір ай бұрын ол компанияға электромобильді аяқтау үшін тағы біраз уақыт қажет екенін мәлімдеді.

Бұрын хабарланғандай, Илон Масктың Neuralink компаниясы мидағы көру қыртысы зақымдалмаған жағдайда соқырлардың көру қабілетін қалпына келтіретін Blindsight құрылғысына рұқсат алған.

Advertisement
Share Post