Ембіде локомотив жөндеу депосы жаңғыртудан кейін қайта іске қосылды

Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ембі қаласындағы «ОЛЖА» АҚ локомотив жөндеу депосының қызметімен және өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.

Кәсіпорын локомотивтер мен жүк вагондарына техникалық қызмет көрсетуге, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ көлік-логистикалық қызметтер көрсетуге маманданған. «ОЛЖА» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Сұлтан Неталиевтің айтуынша, компания 2019 жылдан бастап бұрын жұмыс істемей тұрған депоны қайта қалпына келтіріп, өндірістік базаны толық жаңғыртып, іске қосқан.

Қазіргі таңда мұнда 100-ден астам адам еңбек етеді, орташа жалақы көлемі 300–350 мың теңге. 2025 жылдың қазан айынан бастап кәсіпорын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен тасымалдау және техникалық қызмет көрсету бойынша ұзақмерзімді келісімшарт аясында жұмыс істеп келеді.

«Депода келісімшарттық міндеттемелер аясында 158 тепловоз жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта Қытайдан сатып алынған доңғалақ жұптарын жонуға арналған заманауи станок пен отын жүйелерін тексеруге арналған диагностикалық жабдықтарды қоса алғанда, жаңа құрал-жабдықтар орнатылып жатыр», – деді облыс әкіміне Сұлтан Неталиев.

Сонымен қатар кәсіпорын инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүргізуде: қосымша теміржол желілері және вагон-цистерналарды жөндеуге арналған жаңа цех салу жоспарланған. Жобаны іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

«Локомотив жөндеу депосы секілді кәсіпорындарды дамыту өңір экономикасы үшін аса маңызды. Мұнда жұмыс орындары ашылып, заманауи технологиялар енгізіліп, тұрақты өндірістік база қалыптасып жатыр. Модернизацияны жалғастырып, өндірістік қуатты арттыру және бұл үдерістерге жергілікті мамандарды кеңінен тарту маңызды», – деді аймақ басшысы.

Кәсіпорынды аралац барысында Ембі қоғамдық кеңесінің өкілдерімен кездесу өтіп, қала дамуының келешегі мен өнеркәсіптік кәсіпорындармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Бөлісу
Ілмектер