Іс-шара 12-21 сәуір аралығында Астана қаласының жалпы орта білім беру ұйымдарында өтеді.
Іс-шараның мақсаты – оқушыларды көркем әдебиетке баулу, балалар әдебиетінің тәрбиелік мәнін арттыру, оқырмандық мәдениетті қалыптастыру және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Онкүндік бағдарламасы «Ғылымға апарар жол» тақырыбымен басталып, ғылыми көрмелер, мотивациялық кездесулер, фотокөрмелер мен ғылыми фильмдер көрсетілімін қамтиды. Сонымен қатар, жазушылар, ақындар және өнер қайраткерлерімен кездесулер, әдеби кештер мен шығармашылық шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың рухани дамуына ерекше көңіл бөлінеді.
«Қазіргі балалар және рухани құндылықтар», «Кітап және цифрлық әлем» тақырыптарында пікірталастар, челлендждер, STEM көрмелер мен онлайн форматтағы іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ, отбасылық кітап оқу дәстүрін насихаттау мақсатында бірлескен оқу сағаттары, фотокөрмелер мен марафондар ұйымдастырылады.
Куест ойындары, әдеби викториналар, кітап жәрмеңкелері мен шығармашылық байқаулар арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру көзделген.
Іс-шаралар балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, зияткерлік және рухани дамуына оң ықпал етеді.



