Премьер-министр келтірген деректерге қарағанда, үш ауысымда оқытатын мектептердің 57 %-ы ауылдық жерде орналасқан. Басым бөлігі - Алматы мен Түркістан облыстарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Үкіметке білім беру жүйесін жетілдіруге қатысты қадау-қадау тапсырма берген болатын. Солардың бірі – ауыл мектептері, ондағы білім беру сапасын арттыру, орталықтың білім беру деңгейіне жеткізу.

Олжас Бектенов, мектептердің 76 %-ы да ауылдық елді мекендерде орналасқанын атап өтті. Олар Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында қызмет етіп тұр. Шағын комплектілі мектептерде мұғалімдердің жетіспеуіне байланысты бір педагог бірнеше пәнді оқытатыны жасырын емес. Біліктілігі жоғары мамандар аз, математика, физика, шет тілдері пәндерінен мамандар жетіспейді. Салдарынан – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім беру, оқыту сапасында едәуір алшақтықтың бары байқалады, - деген пікірді алға тартты.

Осы мәселелерді жүйелі шешу үшін О. Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне әкімдіктермен бірге, келесі жылдың соңына дейін Ақтөбе облысының тәжірибесі аясында кемінде 200 тірек мектеп желісін құруды міндеттеді.

Ақтөбе облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тірек және шағын комплектілі мектептерді жарақтандыруға 1 млрд 800 млн теңге бөлген. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру және заманауи ресурстармен жарақтандыру есебінен тірек мектептердің тәжірибелі мұғалімдері шағын комплектілі мектептердің оқушыларына сабақ береді. Қысқасы, тірек мектептер шағын мектептердегі білім деңгейін көтеруге атсалысып жатыр, - деп атап өтті Премьер-министр.

«Биыл қыркүйек айында Ақтөбе облысына барған сапарымда осы жобаның алғашқы оң нәтижелерімен таныстым. Балалардың білім сапасы жақсара түскен. Ең басты нәтиже осы болуы керек. Сондықтан мен жобаны басқа өңірлерге де кеңінен таратуды тапсырдым», - деді Үкімет басшысы. Шағын кешенді мектептердің әлеуетін арттыру үшін нақты жол картасы болуы керек.

 Айта кету керек, Ақтөбедегі моделдің ерекшелігі – оқу үрдісін жергілікті ұстаздар ұйымдастырды. Сыртқы мамандарды емес, аймақтық оқыту әлеуетін осылайша пайдалану цифрлық шешімдерді тиімді пайдалануға ықпал етеді және жобаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететіні сөзсіз.

Дегенмен, жетістіктерге қарамастан, қосымша назар аударуды қажет ететін мәселелер әлі де бар. Бұған шағын жинақты мектептердегі мұғалімдердің тапшылығы, мұғалімдердің біліктілігін арттыру қажеттілігі, заманауи білім беру ресурстарына қолжетімділіктің артуы жатады.

Отырыста Цифрлық даму министрлігіне 2025 жылғы 1 қыркүйекке қарай ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетке қосу жұмысын аяқтауды да тапсырды. Ал, білім саласының сарапшылары, ауыл мектептерін цифрландыру – жай ғана технологиялық инновация емес, бұл білім сапасын арттырудың және қала мен ауыл арасындағы білім берудегі теңсіздікті жоюдың стратегиялық жолы дегенді алға тартады. Осы ретте айта кету керек, Ақтөбе облысының тәжірибесі көрсеткендей, цифрлық технологияларды педагогтардың біліктілігін арттырумен және интернет-инфрақұрылымды жетілдірумен үйлестіру оқу үдерісінің тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Бұл білім саласы мәселелерін түбегейлі шешудің төте жолы екені анық. Осы жағынан Ақтөбе облысының білім саласы көш бастап тұрғаны белгілі. Бұл Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаровтың стратегиялық жобаларға ерекше екпін беріп, алысты болжай алатынын аңғартады.