Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар Мәртөк ауданында жүйелі жалғасып келеді. Соның жарқын мысалы — Мәртөк ауылындағы «Достық» саябағында жүзеге асқан көгалдандыру жұмыстары.
Былтыр аудандық орман шаруашылығында өсіп тұрған ағаштар арнайы қазылып алынып, саябақ аумағына қайта отырғызылған болатын. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл жасыл желекті сақтап қана қоймай, елді мекендерді қысқа мерзімде көгалдандыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде саябаққа егілген жасыл желектер жаңа ортаға жерсініп, жайқалып өсіп келеді. Көктемгі күтім жұмыстарының нәтижесінде жасыл желек саябақтың ажарын ашып, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айнала түсті.
Ауыл тұрғындары да бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтуде. Себебі экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты аялау — баршаға ортақ міндет. Ал «Достық» саябағындағы жасыл аймақ — табиғатқа жанашырлықтың нақты көрінісі.
Мәртөк ауылдық округінің әкімі Аслан Айтмағамбетовтың айтуынша, әкімдік ағаш отырғызумен қатар, оларды күтіп-баптап, тұрақты суаруға да көңіл бөліп жүр.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады.