ҚАРА НАРДЫҢ ҚАСИЕТІ, ӨМІРШЕҢ ӨСИЕТІ

«Таланттар раушан гүлі сияқты, жан-жағына жұпар шашады. Көңіл ашады...»

Шерхан Мұртаза

Ербол Ісләмұлы да дәл сондай айналасына мейірім-шуағын шашқан талант еді. Оны ұлт, тіл жанашыры, білім саласының қара нары ретінде таныдық.

«Мектепте дипломның түсі маңызды емес»

2011 жылы қолыма диплом алып, арман арқалап Астанаға келгенімде сенім артар көп танысым жоқ еді. Он шақты мектептің табалдырығын тоздырғаныммен еш нәтиже болмады. Түйіндемемді көргеннен кейін еңбек өтілім болмағандықтан, жұмысқа қабылдай алмайтындықтарын айтып, шығарып салды. Содан кейін ұстазым Бағила Сайлаубайқызының ақыл-кеңесімен Ербол Ісләмұлы басшылық ететін мектепке баруға бекіндім. Бір күн бұрын Ербол ағаға қоңырау шалғанымда қаланы білмейтін маған ол кісі мейірімді үнмен уақытша орналасқан мекенжайымды сұрап, сол жерден мектепке қандай автобустың баратынын, қай аялдамадан түсу керектігін, шамамен қанша уақыт жол жүретініме дейін толық түсіндірді. Ертеңінде белгіленген уақытта барып, жолықтым. Жылы қабылдады. Қай ұстаздардан білім алғанымды, курстық, дипломдық жұмыстарымды қай тақырыпта қорғағанымды сұрады. Бізге білім берген небір мықты оқытушы, мүйізі қарағайдай ғалымдардың аттарын тізіп, мақтанышпен атап шықтым. Ербол Ісләмұлы ұстаздарымның көбін өте жақсы таниды екен. Ұстазы Қайым Мұхамедханов жайлы да сұрақ қойды. Барлық сұрағына мүдірмей жауап беруге тырыстым. Ол кісі де Тұрсын Жұртбайдың жетекшілігімен Қайым Мұхамедхановтың 10 томдық жинағын құрастырып жатқандағы жаңалықтарымен бөлісті. Мектеп, басшы жаныма жылулық ұялатып, іштей осы білім ордасына жұмысқа орналасқым келді. Ербол ағамен сөйлескеннен кейін мұғалім болуға деген құлшынысым да одан сайын арта түсті. Алайда осыған дейінгі мектептердің барлығы жұмысқа қабылдамаған соң «бұл мекеме де бір себеп айтып қайтара ма?» деген алаңдаушылық болды. Сондай ойдың жетегінде отырып, колледжді де, институтты да қызыл дипломға бітіргенімді айтып қалдым. Сол кездегі Ербол ағаның жауабы мені бір жағы ұялтты, бір жағы ойлантты.

«Мектепте дипломның түсі маңызды емес. Бастысы мұғалім өз мамандығы мен алдында отырған оқушыларын жан-тәнімен жақсы көре білуі керек», – деді. Одан кейін Астананың қымбат қала екенін ескерткен Ербол аға: «Мектепте бары 5-ақ сағат. 5 сағаттың жалақысы өте аз. Бірақ жұмысы өте көп. Осыған күн көремін, келісемін десең, кел. Әрі қарай бәрі тек өзіңе байланысты», – деді.

Осылайша, 5 сағаттық жүктемемен еңбек жолымды бастадым. Сол кезден бастап Ербол Ісләмұлы бізге директор ғана емес, ұстазымызға, жанашыр ағамызға айналды.

«Жас маман «мен білемге» салынбауы керек»

Сол 2011 жылы менімен қатар 10 шақты жас маман жұмысқа орналасты. Алғашқы күні-ақ Ербол Ісләмұлы баршамызды кабинетіне шақырып, мектепке екінші үйіміз ретінде қарап, тәжірибелі ұстаздардың сабағына күнде қатысып, әдістемелік жағынан шыңдалуды тапсырды.

«Бос жүрмеңдер. Өздерің сабақ беретін сыныпты, оқушыларды зерттеп жүріңдер. Оқушыларға да ғылыми зерттеу бағытында тапсырма беріңдер», - деген кезінде енді жұмысқа орналасқан жас мамандар бір-бірімізге таңданыспен қарадық. Оны байқаған Ербол аға: «Қиын ештеңесі жоқ. Студент кездеріңде қорғаған курстық, дипломдық жұмыстарыңды еске түсіріңдер. Мектеп өмірімен байланыстырып, шақтап, оқушыға бағыт беріңдер. Күнделік арнаңдар. Өзгерістерді сонда жазып отырыңдар. Бір айда нәтижесін байқайсыңдар», - деді.

Содан кейін Ербол ағаның бағыт-бағдар беруімен өзі таңдап берген Меруерт есімді оқушы ғылыми жобалар байқауынан ІІІ орын алғанда менің қуанышымда шек болмады. Жұмысқа деген ынтам одан сайын арта түсті. Егер Ербол Ісләмұлы осылай кеңесін беріп, бағытын көрсетпегенде мен сияқты қаншама жас маман ғылыми жобаны қалай бастарымызды білмес пе едік?! Келесі жылынан бастап Ербол Ісләмұлы университеттерден ғалымдарды мектепке шақырып, кездесу ұйымдастырып, зерттеу тақырыптарын талқылау арқылы ұсынып отырды.

«Жас маман жетекке ере білуі керек. Тәжірибелі ұстаз үйретсе, ескертсе, «мен білемге» салынбай, тыңдауы керек. «Мен өзім білем» деген ұстаныммен жүретін жас маман ешқашан өспейді. Ұжым – үлкен күш. Әрдайым көмекке келіп, бір-біріңді қолдаңдар. Өзгені сыйлау арқылы өздеріңді де сыйлата біліңдер», - деп баса айтты.

Ербол ағаның осы сөздерін санама сіңіріп, құлағыма құйып алдым, әлі де ұстанып келемін.

Жетекші ұстаз ретінде ешкімді бөліп-жармай, жастығыңа қарамай, үлкен шараларға, байқауларға қатыстыратын. «Жас келсе, іске» қолыңнан келеді» деп сенім білдіретін. Сол сенімі бізге тау қопарардай күш беретін.

Ербол аға оқушылар мен ұстаздарға екі жағдайда кітап сыйлайтын. Біріншісін жаңадан қабылданған жас мамандарға алғашқы кәсіби мерекесі, ұстаздар күнінде кітаптың ішіне «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға!» деген Абайдың сөзімен бастап, өзінің жылы лебізін жазып, табыстайтын. Екіншісін ұстаз өзі немесе оқушысы сайысқа қатысып, жеңіске жетсе, іле-шала ұжымда құттықтап, кітапты өзінің қолтаңбасымен сыйлайтын. Бұл үрдістен ешқашан жаңылған да емес. Сол сияқты әріптестерін жігерлендіру мақсатында білім, өнер, спорт сайыстарына оқушы дайындаған мұғалімдерді өзі арнайы жасатқан алғыс хаттармен, мақтау қағаздарымен марапаттап отыратын. Ол кісінің сыйлаған кітаптары мен өзі арнайылап тілек жазған алғыс хаттары, мақтау қағаздары біз үшін өте құнды.

Жалпы, Ербол Ісләмұлы – білім саласының білгірі, ұлағатты ұстаз ғана емес, тілдің, ұлттың жанашыры болғаны баршаға мәлім. Сонымен қатар спорт пен өнерге әуестігін де көпшілік біледі. Ол кісінің арқасында ұжымдағы мұғалімдер мектепішілік шаралармен ғана шектеліп қалмай, қаладағы театр, музей сияқты мәдени орындарға жиі баруды дәстүрге айналдырды. Тіпті өнер төресі театрға жас мамандарды ертіп, өзі бастап баратын. Сонымен қатар ұстаздар күні, 8 наурыз сияқты мерекелерде елордадағы салтанатты шараларға, халық әртістері қатысатын үлкен концерттерге өзімен бірге апаратын. Сондағы мақсаты – мектеп өміріне енді араласқан мамандар «мұғалімдік жұмыстан жалығып кетпей, сергіп, серпіліп алсын» дегені екен ғой! Дегенмен тек көңіл сергіту үшін ғана емес, мұғалімдерге тағылымды шаралардан тәлім алып, оны мектеп оқушыларына үйретуді тапсыратын. Мысалы, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында қойылған "Абылай ханның арманы" атты спектаклін мектебіміздің оқушылары сахналап, қалалық сайыстарда топ жарды. Ал Ербол Ісләмұлы сценарийін өзі құрастырған «Абай» қойылымы «Ғасырдан ғасырға» қалалық зияткерлік байқауында бас жүлдені иеленді. Сонда Ербол аға мұғалімдерді театрға тек спектакль көру үшін ғана апармай, өнер ордаларынан шабыт, идея, ой алып қайтуды көздеген екен.

«Абайдың шығармаларынан нәр алу керек»

«Жақсы кітап – жан азығы» дегендей, Ербол Ісләмұлы мектеп оқушылары мен ұстаздардың кітап оқуына қатты мән беретін. Өзі де кітапты әр сөздің астын сызып тұрып оқитын еді. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында мектепте де жаппай кітап оқу үрдісі қалыптасты. 2012 жылы Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» повесін оқып, мәжіліс залында кең ауқымда талдауға мұрындық болды. Шығарманы талдау барысында оқушыларға жаттандылықтан гөрі өмірмен байланыстырғызып, өз пікірлерін көп айтқызатын.

«Оралхан Бөкей шығармаларының тілі жазушының туған жерінің табиғатындай көркем. Бір шығармасын оқысаң, қазақ тілінің сұлулығына тамсанасың. Басқа да шығармаларын оқыңдар», - деп оқушыларды кітапханаға шақыратын.

Ал 2013-2014 жылдары оқушылар мен ұжымға Абайдың қарасөздері мен «Абай жолы» роман-эпопеясын жаппай оқытты. Әр кабинеттің қабырғасына қарасөзден үзінді келтіріп ілгізіп, «көз алдарыңда тұр, жаттаңдар» дейтін. «Бала Абай және мен», «Абайдың анасы мен әжесі», «Абай мен Ерболдың достығы», «Құнанбайдың тәрбиесі» деген сияқты басқа да тақырыптарға бөліп, бүкіл мектеп оқушыларына талдататын. «Абай деген – алып теңіз ғой, мен оның шетінен шөмішпен ғана алып іштім, теңіз сарқыла ма?!» деген Мұхтар Әуезовтің сөзін мысалға келтіріп, «Абайдың шығармаларынан нәр алу керек», - деп айтатын.

2015 жылы 8-11-сынып оқушыларына Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» бөлімдерін жеке-жеке талдатты. Қазақ хандығының құрылғандығынан бастап, Абылай ханның арманына дейін оқушыға түсінікті тілмен жеткізді. Әрбір оқушының шығарманы қалай түсінгенін білгісі келіп, олардың әрқайсысын ерінбей тыңдады. «Өз тарихыңды білу – азаматтық парызың» деген ұстаныммен тарихи шығарманы оқытты.

«Кітапты 100 оқушы оқып, соның 10-ы іліп алып, түйсініп, жан-дүниесімен сезінсе, соның өзі – жетістік. Өйткені осы 10 оқушы қалғанына әсер етіп, бір-бірін оқытады. Ойлы болу керек. Естілердің сөзін ескеріп жүру керек», - дейтін.

Мұғалімдерге де үнемі оқып, ізденісте жүру керектігін жиі айтатын. «Мұғалімнің өзіндік даму жоспарын» жасатып, оқитын әдебиеттер тізімін ұсынатын. Ол тізімге міндетті түрде Абайдың қарасөздерін, Жүсіпбек Аймауытовтың «Психологиясын», мақалаларын, Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасын», Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл – құралын» енгізетін.

«Осы әдебиетті өздерің міндетті түрде оқып, қалған тізімді шығармашылықпен толықтырыңдар. Қазір шетелге еліктеп, шетелдік авторлардың кітабын оқып, солардың ұстанымдарын басшылыққа алу сәнге айналды. Оған қарсы емеспін. Өзім де оқимын. Бірақ сол ой, сол қазына өзімізде де бар емес пе?! Абайды, Шәкәрімді, Мұхтар Әуезовті, Әлихан Бөкейханды, Ахмет Байтұрсынұлын, Жүсіпбек Аймауытовты, Мағжан Жұмабаевты, Сәкен Сейфуллинді және басқа да қазақ зиялыларын оқып та, соны санаға сіңіріп те біраз жерге баруға болады. Қазақ ойшылдарында бәрі тұнып тұр», - дейтін.

Осы аталған жұмыс арқылы оқушыны да, мұғалімді де, ата-ананы да кітап оқуға шақырды. Ол мақсаты орындалды да. Бір балаға кітап оқыту мұңға айналған заманда Ербол ағаның бүкіл ұжым мен оқушыларға тегіс кітап оқытуы, оны талдатуы үлкен ерлікпен пара-пар.

«Қазақ баласын 3-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген...»

Жас маманның ұжымда тұрақтап қалуы қаншалықты өзіне байланысты болғанмен, Ербол ағаға қарап, басшылықтың да ықпалы зор екенін байқадық.

«Мен басшымын» деп шалқайып креслода отырғанын көрмеппіз. Үнемі ұжыммен, оқушылармен бірге жүретін. Ұстаз ретінде Абайдың қарасөздерін жан-тәнімен түсіндіріп, қазақ тілінің заңдылықтарын оқушыларға шеберлікпен үйрететін. Тоқсан соңында әр сыныпты мәжіліс залына жинап, оқушылар қай пәннен нешеге қорытылды, неден қиналды, соны анықтап, келесі тоқсанға мақсат қоятын. Әр сыныптың жағдайын зерттеп, зерделеп, білім сапасының артуына көп көңіл бөлді. Мұғалімдер арасында өтетін ғылыми-зерттеу конференцияларға, ән байқауларына, спорттық сайыстарға да ұжымды өзі алға бастап, бірге қатысатын.

Қыс болса, жанына ұжымдағы ер-азаматтарды жинап, мектептің шатырын қардан тазалап, есік алдының қарын да күреп кететін. Дәлізде кетіп бара жатса, бәрін бақылап, бір жерде қағаз жатса, тоқтап ала салып, ешкімге бұйырмай, ешкімді жазғырмай, ешкіммен санаспай, барлық жұмысқа арланбай араласып жүретін. Осыны көрген мұғалім де, оқушы да ол кісіге іштей еліктейтін еді.

Мектепте қандай іс-шара өтсе де, басы-қасында болып, дайындық жұмыстарына араласып, сценарийін де құрып кететін. Тамаша идеялар айтып, мықты тұлғаларды мектепке шақырып, оқушылармен кездесу ұйымдастыратын. Ұжымды жай ғана басқармай, шығармашыл, жан-жақты болуға өзі бірінші үлгі бола жүріп, ықпал ететін, керек кезінде қолдауын да аямайтын.

Жыл сайын 5 қаңтарда оқушылар қысқы демалыста болса да, мектебімізде Қайым Мұхамедхановтың туған күніне арналған шаралар дәстүрлі түрде өтетін. Бұл игі дәстүр әлі де жалғасын тауып келеді. Ербол аға осы күні оқушыларға ұстазының адалдығын, адамдық болмысын тереңнен толғап, өзі бастап «Алтын көріп, адал жолдан таймадым...» деп Қайымның өлеңін оқып, оқушыларға да жатқа оқытқызатын. Осы шараға Тұрсын Жұртбай бастаған зиялы қауым өкілдері де қатысатын. Шара барысында оқушылар Қайымның абақтыда қандай қиындықтарды бастан кешкенін сахналайтын. «Отырдым тар қапаста күнді санап» атты Қайым Мұхамедхановты тергеу сәтінен көріністің сценарийін Ербол аға өзі жазып, бізге бағыт берді.

«Қайымның қайсарлығы, адалдығы, адамгершілігі жастарға, сендерге үлгі-өнеге болуы керек. Қайым абақтыда қандай азап көрсе де, қасақана қинаудың қандай сатысынан өтсе де, турашылдығынан таймай, өр мінез көрсетіп, ұстазы Әуезовті сатпай, ұлтының болашағын ойлады. Қара басының қамынан ұлтының мүддесін жоғары қойды. Міне, сендерге үлгі тұтатын, еліктейтін нағыз нар тұлға!» - дейтін еді.

Ербол Ісләмұлы жаңашылдыққа ұмтылатын мықты көшбасшы, зерттеуші мұғалім еді. Бізге саялы бәйтеректей көрінетін. Ербол ағаны тыңдай бергіміз келетін. Себебі әр тағылымды әңгімесі бір кітап оқығандай әсер беретін. Оқушылардың барлығын жақсы көріп, оларға жанашырлықпен қарайтын. Әр оқушы туралы толық ақпаратты біліп, танып отыратын. Сынып жетекшісімен сөйлескенде әрбір оқушының атын атап, жағдайынан хабардар болып тұратын. Оқушылардың барлығын есімдерімен атайтын. Мектепте әр дүйсенбіде өтетін саптық жиында оқушыларға тәлімді сөз айтатын.

«Қазақ баласын 3-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Ол: «ұят болады, жаман болады, обал болады». Ұят болатын, жаман болатын істерден аулақ болыңдар, обал болады дегенге ойланыңдар!» – деп оқушылардың құлағына құятын.

Мұғалімдермен өткізілетін әр жиналыста өзі оқыған кітаптармен бөлісіп, газет-журналдарын арқалап, дайындалып келетін де:

«Мұғалім деген үнемі оқып, дамып отыруы керек. Ізденуін тоқтатса, тоқырайды», - дейтін.

Әлкей Марғұлан мектебі бір белеске көтерілсе, оның артында Ербол аға тұр. Мектеп Марғұлан есімін иеленгендіктен, Әлкей Марғұлан туралы әр кабинетке буклет әзірлетіп, оқушыларға таныстырудан жалықпайтын. Әлкей Марғұлан маршының сөзін жазып, оқушылармен бірге шырқайтын. «Марғұлан» журналын шығарып, балаларды шығармашылыққа баулыды. Мектепте «Марғұлан» олимпиадасын, Марғұлан оқуларын, ғылыми конференциялар өткізіп, қалалық, республикалық деңгейде өтуіне атсалысты. 11 мамыр ғалымның туған күні мектебіміз үшін үлкен мереке саналып келеді.

Түйін

Кемеңгер басшы қандай ірі істерді атқарса да, оны ешқашан атақ-абырой үшін жасамады. Мұғалімдерді басшыға жалпылдамауға, жалтақтықтан ада болуға шақырды.

«Алдымнан елпектеп шығып, «аға, аға» деп күліп амандасып, «жағамын» деп ойламаңдар. Сабағыңды дұрыс берсең, оқушың сені жақсы көріп, олардың ата-анасы сыйлап тұрса, соны маған жасаған құрметің деп білемін», - деуші еді.

Ербол ағада «Қазақ баласы білімді болсын, өссін!» деген бір-ақ мақсат болды. Осы жолда аянбай еңбектенді. Айналасына да адалдықтың, парасаттылықтың үлгісін көрсетті. Мұғалім де, оқушы да, ата-ана да жақсы көріп, сыйлайды. Бәрінің құрметі зор. Бұл өмірден өтсе де, Ербол ағаны білетін адамдардың оны ешқашан ұмытпайтыны сөзсіз. Қазаққа бергенінен әлі де берері мол еді. Білім саласының қара нары бастаған игі істер жалғасын табатынына сенімдіміз.

Айнагүл Тасболатова,

Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі