Шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, еліміздің барлық өңірлерінен облыс әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармалары мен әлеуметтік корпорациялар басшылары, ауыл әкімдері, бизнес өкілдері арнайы қатысты.
Басты мақсат – Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын Қызылорда облысында іске асыру тәжірибесін республиканың өзге өңірлеріне кеңінен тарату.
Ras.kz ақпараттық порталы Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы, маңызы туралы сұрап білген еді.
Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов:
« ... Шараның негізгі мақсаттарының бірі - «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірлердегі орындалу деңгейін қайта қарап, нақтылайтын тұстарын пысықтап, тиімді қорытындылар шығару. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан айтулы жобаның мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейлерін жаңа деңгейге көтеру. Әрине, осы тұста ауылда тұратын барлық азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтерумен қатар, оларды жұмыспен қамтамасыз ету сұрағының да күн тәртібіне шығатыны белгілі. Ал, бағдарламаны тиімді жүргізу үшін - әрбір ауылда жаңа жұмыс орындарын құру мәселесін шешіп алу керек. Ол үшін, сәйкесінше, өндірісті жандандыру керек. Бүгінде осы мақсатта нақты анализдер жасалды. Соған сәйкес, ортақ тұжырымдар шығарылды. Осы тұста айта кету керек, әрбір ауылда тірек болатын әлеуметтік экономикалық жоспар нақтыланып жатыр. Тиісті сала басшылары – ауыл шаруашылығы, экономика салаларының жауапты азаматтарымен жоғарыда айтылған сұрақтар талқылануда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тауарлық несие арқылы бағдарламаға қатысуын қамтамасыз етуде күн тәртібінде тұр. Олай дейтініміз, көптеген ауыл азаматтарының кредит тарихы жобаға қатысуға мүмкіндік бермейді. Осы сынды сұрақтар көтерілді.
Жалпы келесі жылға «Ауыл аманаты» бойынша 50 млрд.теңге қаражат бөлінді. Үкімет тарапынан берілген қаражатты тиімді игере алмаған өңірлерге қатысты да бұған дейін бірнеше рет мәселе көтергенбіз. Кей өңірде берілген қаражаттың 80 пайызға жуығы тек мал шаруашылығына бөлінген. Бүкіл қаражатты тек ет бағытына жіберу қисынсыз. Енді осындай олқылықтарға жол берілмейді. Ауылда шығатын 65 тағам өнімдерінің қанша пайызы, қандай түрлері сырттан келетіні жіті анықталады. Тағы бір мәселе, қай облыста нақты жобалар мен дайын ұсыныстар болса, алдымен, сол өңірлерге берілетін болады. Бүгінде «Ауыл аманаты» бойынша белсенді үш облысты ерекше атап өтуге болады. Олар Қызылорда облысы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары. Бұл өңірлерге келесі жылға 5,5 млрд. теңгеден 7 ,5 млрд. теңгеге дейін қаражат бөлініп отыр. Ал, игеру деңгейі төмен облыстарға сәйкесінше, ақшаны бөлу деңгейі де төмен болады. Болашақта да бұл принцип сақталады. "