Оқушылар дене шынықтыру нормативтерін орындап, әртүрлі қашықтыққа жүгіру жаттығуларын жасады, автоматты бөлшектеу және жинақтау дағдыларын меңгерді, сондай-ақ далалық дайындық элементтерін пысықтады.
Қатысушылардың тұруы мектептер базасында ұйымдастырылып, қолайлы жағдайлар мен төрт мезгіл тамақтану қамтамасыз етілді. Денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп, медициналық қызметкерлер үнемі бақылау жүргізіп, қажетті жағдайларда жедел көмек көрсетті.
Жалпы Ақтөбе облысы бойынша жиындарға 3800-ден астам оқушы қатысты, олардың 1986-сы — Ақтөбе қаласының оқушылары, 1814-і — аудан мектептерінің оқушылары.
Бүгін №77 жалпы білім беретін орта мектеп базасында салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Ізбасар осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті:
«Оқу-далалық жиындарды өткізу – жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ата-аналарға оқушылардың қатысуын қолдап, ұйымдастыруға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреміз. Бұл жиын барысында алынған білім мен дағдылар жас буынның жауапты әрі елжанды азамат болып қалыптасуына берік негіз болады деп сенеміз».
Іс-шара барысында белсенділік, тәртіп және ұйымшылдық танытқан оқушыларды марапаттау рәсімі өтті. Оқушыларға грамоталарды Ақтөбе облысы қорғаныс істері департаменті штабының бастығы Алибек Көшербаев табыстады.
Іс-шара аясында музыкалық нөмірлер ұсынылып, саптық жүріспен салтанатты марш ұйымдастырылды және саптық ән орындалды, сондай-ақ оқу-жаттығу жаттығулары көрсетілді.