ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті білім беру саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу амалдарына сай, 2018–2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» ЖШС құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған.

Қылмыстық схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де байланысы бар тұлғалар қатысқан.

Азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік берген.

Схема жалған оқуға қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы бұйрықтарды рәсімдеу, құжаттарды растау үшін электрондық цифрлық қолтаңбаларды пайдалану, сондай-ақ орындалған жұмыстар туралы жалған актілер жасау арқылы жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған студенттердің бір бөлігі мемлекет есебінен білім алушылар ретінде рәсімделгені анықталды.

Бұдан бөлек, «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемеген және тек бюджет қаражатын алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылған.

Мемлекетке келтірілген жалпы залал 1,3 млрд теңгеден асты.

Бір қызығы, схеманы ұйымдастырушы бұған дейін жасаған жымқыру фактісі үшін соңғы үш жыл бойы бас бостандығынан айыру орындарында бола тұра, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарған.

Тергеу барысында күдіктілер 65 млн теңге көлеміндегі залалды ерікті түрде өтеген.

Сот санкциясымен 3 пәтерге, оның ішінде Дубай қаласындағы пәтерге, 3 тұрғын үйге және 3 автокөлікке тыйым салынды.

Екі күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, тағы үш тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі