Құрметті достар, кеше жас режиссер Думан Еркімбектің «QAITADAN» атты фильмін тамашаладық. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асты. Бұл – тек бір фильмнің емес, жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Соңғы жылдары біз қазақ киносының ішінде жаңа лептің, жаңа есімдердің пайда болғанын көріп отырмыз. Бұл үрдістің артында нақты механизмдер тұр. Атап айтқанда, соңғы екі жылда Кино орталығында жоба менеджерлері жұмыс істей бастады. Бұл салаға айтарлықтай серпіліс әкелді: енді жобалар тек сценарий күйінде қалмай, өндіріс пен прокатқа дейін толық сүйемелдеуге ие болып отыр.
📍 Мысалы, биылдың өзінде:
🔻 10 фильм үлкен экранға шықты: «Тезек», «Fake-овый Арман», «90+1», «Тарлан», «Игроманка», «Joqtau», «Ароматное сердце», «Алтын адам» және т.б.
🔻 15 жаңа киножоба өндіріс сатысында, оның ішінде 3 анимациялық фильм. Атап айтсақ: «Ақжелең», «38», «Кенжем қайда?», «Мұғалім», «Адамзатқа іздеу саламын», «Команда А» және т.б.
Ең қуаныштысы, дебюттік жобаларға ерекше назар аударылып отыр. Жас режиссерлерге сенім артылып, олардың идеялары тұтас фильмге айналуда. «QAITADAN» – осының айқын дәлелі.
Кешегі көрсетілімнен кейін жиналған жұрт фильмнің терең мазмұны мен сапасына оң баға беріп, шығармашылық топқа ризашылық білдірді. Картинада заманауи визуал, батыл шешімдер мен жаңашыл көзқарас айқын байқалады.

Фильм бүгіннен бастап прокатта. Қазақ киносын қолдап, жаңа толқынға жол ашайық!