Сондай-ақ Көкше жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында көптеген салмақты ұсыныс айтылып, қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілгенін атап өтті.
– Елдік істе күш біріктіру – біртұтас ұлтқа тән қасиет. Сіздер әрдайым азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Рамазан айы – «Айлардың сұлтаны». Осы кезде азаматтарымыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмектеседі. Иман келтіріп, рухани жағынан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт ретінде тек алға қадам басуға шақырды.
– Қазіргі бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде халқымыздың тұтастығы аса маңызды. Сондықтан бәріміз саналы, сабырлы болайық, ағайын! Халыққа негізгі саясатымызды дұрыс түсіндірейік. Жаппай жұртқа үлгі болайық. Ел ішіндегі дарынды, қабілетті азаматтарға, ең алдымен, жастарға жол берейік. Біз бір ел, бір халық болып, елеулі өзгерістерді бірге жасап жатырмыз. Қазақстанның саяси жүйесін толық жаңғырттық. Жаңа экономикалық бағдарымызға сай нақты жоспарымызды жүзеге асыратын болдық. Бүгінде жан-жақты реформалар өз жемісін беріп жатыр. Осы жолда Ұлттық құрылтайдың ерекше рөл атқарғаны сөзсіз. Сіздердің бастамаларыңыз көптеген мәселені уақтылы шешуге ықпалын тигізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Мен «Ана тілі» газетіне берген сұхбатымда еліміздің алдында тұрған жаңа міндеттерді атап өттім. Негізгі мақсат – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру. Бұл адал азаматтардың қолынан келетін іс. Адал азаматқа тән қасиеттер исламның гуманистік идеяларымен терең астасады, – деп сабақтады сөзін Президент.