Құрметті жерлестер, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар!
Тәуелсіздік күні қарсаңында сіздерді көптен күткен қуаныш – Өнер мектебінің жаңа ғимаратының ашылуымен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Мемлекет басшысы Қ.Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз әрбір оқушының жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауымыз керек.
Бұл Ақтөбе облысында салынған алғашқы өнер мектебі. Жаңа ғимарат 150 орынға есептелген. Мұнда қосымша білім берудің 5 бағыты бойынша 550-ге жуық бала білім алатын болады. Қарғалы өнер мектебі балалар шығармашылығын кеңінен насихаттауда көптеген жұмыстар атқарып жүрген ЮНЕСКО клубының мүшесі ретінде танымал.Жаңа өнер мектебінің қабырғалары ұзақ жылдар бойы балалардың, сыңғырлаған дауыстарына, әсем әуендеріне және жаңа таланттардың нұрына толып тұруын шын жүректен тілеймін! - делінген құттықтау жазбада.
Айта кету керек, PISA зерттеулеріне сәйкес, өнер мен шығармашылық бағытындағы қосымша білім оқушылардың шығармашылық ойлауын, эмоционалды интеллектін, сыни және эстетикалық талғамын дамытып, өзін-өзі көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бағыт академиялық жетістіктерге оң әсер етіп, зейін қою, табандылық және бір істі соңына дейін жеткізу дағдыларын қалыптастырады. Шығармашылық сабақтар топтық жұмыстар арқылы әлеуметтік байланыстарды нығайтып, мәдени мұра мен өнер туындыларын бағалауды үйретеді. PISA мәліметтері бойынша, шығармашылық бағыттағы қосымша білімге қатысатын оқушылардың өмірге қанағаттанушылық деңгейі жоғарырақ және болашақ кәсіби өмірде табысты болуға бейім келеді.