Туризм және спорт министрлігінде ішкі туризмді дамытуға, елдің туристік әлеуетін насихаттауға және Қазақстанның цифрлы кеңістігіндегі оң имиджін қалыптастыруға үлес қосып жүрген отандық тревел-блогерлер мен контент-креаторлар марапатталды.

Салтанатты рәсім барысында Ербол Мырзабосынов қатысушыларға «Туризм саласының үздігі» наградасын табыстап, Қазақстанның туристік бағыттарын ел ішінде де, халықаралық деңгейде де танытуда цифрлық контент пен заманауи медианың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында еліміз шетелде кеңінен танылып келеді, ал мемлекетіміздің оң имиджі ел ішінде де, халықаралық деңгейде де нығая түсуде. Сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін және туризмді дамытуға қатысты шешімдер қабылдауда тәжірибеге негізделген тәсілді жетілдіру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», — деп атап өтті министр.

Сондай-ақ министр Дастан Мұхамедрахымовты @bydastan интернет-жобалар мен цифрлы контент саласында «Оскар» атанып кеткен WIBA Awards 2026 халықаралық сыйлығының «Үздік тревел-блогер» атағын жеңіп алғанымен құттықтады. Сонымен қатар Өркен Дарханұлының @orkeni сапалы қазақтілді контентті дамытуға қосқан үлесі, Талғат Қанатұлының @talashin экологиялық әрі жауапты туризм мәдениетін насихаттауы және Сәкен Даниярұлының @saken_kagarov белсенді демалыс пен спорттық туризмді дамыту бағытындағы жұмысы айтылды.

Еске сала кетейік, биыл мамыр айында Туризм және спорт министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында экотуризмді дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастық аясында блогерлер мен дрон операторларына туристік контент әзірлеу үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жеңілдетілген тәртіппен кіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2026 жылы Қазақстанда алғаш рет оқиғалы туризмді дамытуға және шетелдік туристерді тартуға бағытталған 55 ірі іс-шараны қамтитын бірыңғай оқиғалар күнтізбесі жасақталды. Оның қатарында «Дәмдәстүр», «Қызғалдақ мұра», Сиверс алмасының гүлдеу фестивалі, сондай-ақ алда өтетін «Алтын бесік – Ақсуат», «Көкмайса» және «Қазыналы Каспий» фестивальдері бар.

Рәсім соңында қатысушыларға биыл Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін «Болашақ ойындары» турнирі және 20-23 тамыз күндері Алматыда ұйымдастырылатын TBEX Asia 2026 халықаралық форумы туралы айтылды. Форумға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам тревел-блогер мен туризм индустриясының өкілдері қатысады деп жоспарланған.