ҚР СИМ Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алып, сауда желілері мен дүкендерге қайта сататын «Смирнова» ЖК-ның электронды есеп-фактураларына талдау жүргізді. Талдау барысында 72,2% майлылығы бар «Крестьянское» сары майының келісін 3380-3557 теңге аралығында импорттап, дүкендерге 4600 теңгеден сатқан. Бұл ретте сауда үстемесі 29,3%-ды құраған. Сонымен қатар, 9% майлылығы бар «Из села Удоево» сүзбесін 287-301 теңге аралығында сатып алып, сауда нысандарына 59,7% сауда үстемесімен 440-460 теңгеден сатқан.  Өңірлік департамент жеке кәсіпкерді ҚР ӘҚБТ Кодексінің 204-1 бабы бойынша ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты. Алайда кәсіпкер қаулымен келіспей, Орал қаласының мамандандырылған сотына қаулының күшін жою және істі тоқтату туралы шағым түсірді.