Жоба авторлары көрерменге кертартпа тәрбие ұстанатын отбасындағы қыздың басынан өткенін сипаттайтын, қасаң қағидаларды бұзып, өзін рухани тұрғыда дамыта отырып жеңіс пен жетістікке жеткен спортшы өмірі туралы туындыны көрерменге құлшыныс сыйлау мақсатында ұсынып отыр.  Спорттық драмада Мәдина есімді желаяқ бапкер молданың жаттықтыруымен қаладағы жарысқа қатысуды армандайды. Бірақ Мәдинаның қатал ағасы оның таңдауын құптамайды. Ол Мәдинаның арманының орындалуына барынша қарсылығын көрсетеді. «Бұл сериалдағы әр кейіпкерді сынақ күтеді, бірақ олардың ізгілікке деген ұмтылысы бәрін жеңуге көмектеседі. Мәдина секілді талабы таудай жас қыз болсын немесе Сағдат ағасы сияқты қатал адам болсын, сериалдан кейін көрермен олардың іс-әрекетінен өзіне қажетті ой түйеді. Жоба діннен алыс адам үшін де қызық болуы мүмкін, өйткені сериал ізгілік әлеміне және осындай сан алуан кейіпкерлер тағдырына үңілетін қызықты зерттеу сияқты», - деді жоба режиссері Берік Жаханов.

Unico әлемдік фестивальдар мен кинонарықтарда өз компаниясының және Қазақстанның басқа да өндірушілерінің жобаларын ұсынуды жалғастыруда. Мысалы, бірер апта бұрын Францияның Канн қаласында «TWO» сериалы көрсетілді. Ал кеше «Желмен жарысқандар» («Running to light») медиаиндустриядағы соңғы трендтерге ерекше назар аударатын Dubai International Content Market (DICM) ірі кинонарығында көрсетілді

«Іс-шараға БАӘ, Түркия, Египет, Катар, және Таяу және Қиыр Шығыс елдерінің медиа-компаниялары мен жаһандық дистрибьюторлардың өкілдері қатысты. Біздің жобамыздың презентациясына келгендер туындымызға ерекше ілтипат білдірді. Көркемдік және өндіріс сапасына жоғары баға берді. Сериалда көтерілетін мәселенің актуальдығын және қасиетті Рамазан айында көрсетуге лайықты контент екендігін ерекше атап өтті», - деді Unico Rights компаниясының дистрибуция жөніндегі директоры Екатерина Дунаева.

«Желмен жарысқандар» сериалының кейіпкерлерін Қуандық Қыстықбай, Мейірғат Амангелдин, Айнұр Бермұхамбетова, Лаура Мырзахмет, Мағзаман Төренияз, Қажымұқан Қалымбетов, Бақытгүл Серікбаева, Ермек Шынболатов секілді дарынды актерлар сомдайды. Мәдина рөліндегі жас актриса Амина Оразбай үшін «Желмен жарысқандар» дебют болмақ.

«Жобаға дайындық барысында мен спортшының кейіпіне ену үшін үнемі жеңіл атлетика жаттығуларына қатыстым. Сондай-ақ, кейіпкеріме үшін арнайы хиджабтың заманауи және өте әдемі нұсқалары тігілді. Бүкіл команда түсірілімге өте мұқият дайындалып, өз жұмыстарын толығымен орындады, бәріміз нәтижені ыстық ықыласпен күтудеміз», - деп атап өтті жас актриса Амина Оразбай.

Сериал 13 бөлімнен тұрады. Тұсаукесер 2026 жылға жоспарланған.

фото ашық дереккөздерден

Әріптестік қолдау