Қала тұрғыны Ольга Мунтянова Екібастұз қалалық полиция басқармасының тергеушісі Гүлдана Каримбаеваға шынайы алғысын білдірді. Оның айтуынша тәртіп сақшысы өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарап, азаматтардың құқықтарын қорғауда адамгершілік пен кәсібиліктің жарқын үлгісін көрсетті. Оқиға жағымсыз жағдайдан басталған. Тұрғын жиһаз жасауға тапсырыс беріп, алдын ала ақысын төлегенімен, шебер уәде етілген мерзімде жұмысын орындамай, байланысқа шықпай қойған. Мұндай жағдайда көпшілік нәтиже болмайды деп үмітін үзетіні белгілі. Алайда бірнеше рет байланысу әрекеттері нәтиже бермеген соң, азамат полиция көмегіне жүгінеді. Тергеуші Гүлдана Каримбаева арызды жан-жақты қарап, қысқа мерзім ішінде тексеру жұмыстарын жүргізіп, адал емес жиһаз жасаушының жеке басын анықтады. Оның табандылығы мен кәсіби ұстанымының арқасында шебер қайта байланысқа шығып, уәде етілген жұмысты толық аяқтады. – Әділдік орнап, өз құқығым қорғалғанына ризамын. Тергеуші Гүлдана Каримбаева істі үлкен жауапкершілікпен жүргізіп, менің мәселеме бейжай қарамады. Осындай өз ісіне адал қызметкерлер құқық қорғау органдарына деген сенімді арттырады, – деді Ольга Мунтянова. Бұл оқиға – құқық қорғау органдары қызметінің мәні тек ресми құжаттармен шектелмейтінін, оның ар жағында азаматтардың тағдыры мен заңды мүдделерін қорғау жатқанын айқын көрсетеді.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/ekibastuz-turghyny-tergeushige-alghys-bildirdi/