Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды қолдану фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz. Кезекті құқық бұзушылық фактісі елордадағы қонақүйлердің бірінің маңында анықталды. 50 жастағы ер адам болашақ келінінің туған күніне орай мерекелік салют ұйымдастырған. Алайда мерекенің жарқын финалы жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінде тұратын азаматтардың тыныштығын бұзған. Құқық бұзушы сот шешімімен бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Осыған ұқсас тағы бір жағдай елорданың тұрғын аудандарының бірінде тіркелді. Анықталғандай, 26 жастағы ер адам қыз ұзату рәсімінен кейін жас отбасын көпқабатты тұрғын үйдің маңында салют атып құттықтауды ұйғарған. Алайда мерекелік мақсатқа қарамастан, оның әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзып, тұрғындарға қолайсыздық келтірген. Сот шешімімен құқық бұзушыға бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды. Полиция қызметкерлері елорда тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/astanada-tunde-salyut-atqan-eki-er-adam-5-taulikke-qamaldy/