Сонымен, биыл үркерлік 1 000 тұрғын үй табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. «Үркердегі алғашқы абоненттердің газға қосылуы, шын мәнінде, тарихи сәт. 2025 - 2026 жылдары газға осы жердегі барлық жеке үй мен тұрғын үй кешені қол жеткізе алады. Газдандыру үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ол экологиялық таза және адамдар үшін қолжетімді», деді Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Сәрсенғали Ақжолов. Үркерді толық газдандыру үшін барлығы 173 шақырым газ желісін салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстардың шамамен үштен бірі аяқталған.
Тұрғын алапқа табиғи газ Астана әкімдігі, Энергетика министрлігі, «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ мен «Qazaq Zhylu» ЖШС-нің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қол жеткізілген.
Бұған дейін тараған ақпараттарда елорда әкімдігі газдандырудың екі кезегінің құрылысын аяқтағаны хабарланған еді. Осы құрылыс аясында Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық және Потанин көшесі ауданындағы қаланың ескі бөлігінің тұрғындары табиғи газға қосылған.
Алматы ауданында Теміржолшылар вокзалы, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс оң және сол жағы, Күйгенжар, Мичурино, сондай-ақ «Ақбидай», «Қазақауыл» шағын аудандарының тұрғындары табиғи газға қол жеткізсе, Есіл ауданындағы Велла вилдж, Куршавель, Family Town, Family Park тұрғын үй кешендері және Нұра ауданындағы Будапешт, Космик-Сити тұрғын үй кешеніне газ берілген.
Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, «Тұран», «Телман», «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансаларына және «Үркер», «Пригородный», «Family village», «Өндіріс», «Кирпичный» елді мекендерін газбен қамту желілерінің құрылысы аяқталған.