Жеңістің 81 жылдығына орай, Астана қаласының Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасын кезекті рет ұсынды

«Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасы – адамзат тарихындағы ең ауыр Екінші дүниежүзі соғысы жылдарындағы қасірет пен ерліктің, ар-намыстың және отансүйгіштіктің көркем шежіресі. Туындыда, даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының қайраткерлік тұлғасы, жауынгерлік рухы, әділет пен адамгершілікке деген биік мұраты сахналық тілмен бейнеленді.

«Бұл іс-шара Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ұйымдастырылды. «Ар адамы. Бауыржан» атты спектакль ерекше сахналанды.

Көрермендер де дән риза болды. Қоюшы режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері – Жұлдызбек Жұманбай, авторы – Бақытбек Қадыр. Бауыржан Момышұлының соғыс кезіндегі бейнесін дарынды актер – Әмірхан Оразбақ, ал зейнеткерлік шағын Мәдениет саласының үздігі Айбол Шәкіржанов сомдады. Биыл екінші рет сахналанып отыр.

Аңыз адам, батыр Бауыржан Момышұлының балалық шағы, соғыстағы ерліктері, өмірлік ұстанымы көрсетілді», – деді Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының ұйымдастыру бөлімінің менеджері Нұрғабдин Бибісара.

Астана әкімдігі