Алматыға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қала әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге отандық кино өнерінің тарихына арналған тақырыптық саябақ құру жобасымен танысты.

Сапар барысында «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі жай-күйі мен өндірістік әлеуетіне назар аударып, алдағы даму жоспарлары атап өтілді.

Киностудия аумағын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Алматы әкімдігі 5,5 гектар аумақта отандық кино өнерінің тарихы мен кино саласының көрнекті қайраткерлеріне арналған заманауи тақырыптық саябақ құруды жоспарлап отыр.

Саябақ аумақтың мәдени және туристік тартымдылығын арттыратын ашық қоғамдық кеңістік ретінде бой көтермек. Келушілер отандық кино өнерінің тарихымен, киностудияның қызметімен және музей экспозицияларымен таныса алады.

Келешекте бұл саябақ отандық кинематографистер мен мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуымен мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізілетін қосымша алаңға айналуы мүмкін.

«Өкінішке қарай, біз ұлттық киностудиямыздан айырылып қала жаздадық. Оны қолдан банкроттыққа жеткізуге тырысып, іс жүзінде қатардағы продюсерлік компаниямен теңестіріп қойған еді. “Қазақфильмді” сақтап қалу үшін заңнамалық деңгейде қолдау шаралары қабылданды. Соның ішінде киностудияны мемлекет тарапынан тікелей қаржыландыру да көзделген. Бүгінде аумақты абаттандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр, ал келесі жылы павильондарды жөндеуге кірісу жоспарланған. Саябақ аумағының қазіргі жағдайы қандай екенін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Киностудия аумағын кең көлемде абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде шешім қабылдаған Алматы әкіміне шынайы алғысымды білдіремін. Нәтижесінде “Қазақфильм” аумағы отандық кино өнерінің тарихына арналған тақырыптық павильондары бар, отбасылық демалысқа қолайлы заманауи кеңістікке айналуға тиіс», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақфильммен» бірлесіп, киностудия аумағының қалған бөлігін кешенді жаңарту мәселесін пысықтауда. Бұл жұмыстар ғимараттар мен инженерлік желілерді күрделі жөндеуді, сондай-ақ аумақты абаттандыруды қамтиды.

Бұдан бөлек, киностудия жеке продюсерлік компаниялармен ынтымақтастықты жалғастырып, өндірістік бөлімшелердің тиімділігін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Жаңғырту аясында реквизиттер мен жабдықтарды цифрландыру жобасы жүзеге асырылуда. Соңғы 15 жылда алғаш рет демеушілік қаражат есебінен ішінара әрлеу-жөндеу жұмыстары жүргізілді.