Шығыс, мұсылман халықтары сияқты қазақ халқы да қыз баланы айрықша қастерлеп, бағалап, тәрбиесіне аса көңіл бөліп келген. Халқымыздың ары, намысы, келбеті болып саналатын арулардың қазақ қоғамындағы орны әрқашанда жоғары болғандықтан қыз тәрбиесіне қырын қарамаған ата-бабаларымыз оларға аса ерекше мейіріммен, ілтипатпен қараған.Әрбір әйел ата-анасының мәпелеп өсірген қызы, аялаған гүлі.Сондықтан да олардың арасынан бүкіл қазаққа Ана болған Ұмай, Бибатима, Домалақ, Бегім, Айша бибі, ел мен жерге қауіп төнгенде ер-азаматтармен бірге қару алып, жауға атой салып шығып, жауларын жеңген Томирис, Зарина, Бопай, Гаухар, Сапура, берідегі Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыздың аттарын, ерліктерін халық әлі ұмыта қойған жоқ.
Өкінішке орай күнделікті өмірде көріп жүрміз.Кейбір қазақ қыздарының қоғамдық орындардағы жүріс-тұрысы мен киім киісі, өзін ұстауын көргенде жағаңды ұстайсың.Басқа қалаларды қойғанда ауыздарында темекі, спирттік ішімдіктерге тойып алған қыздардың бұрын байқалмаған қаймағы бұзылмаған қазақи Қызылорданың қонақ үйлері, сауна мен түнгі клубтар маңынан жиі кездестіруге болады. Осындай жүріс-тұрыстарынан кейбірі жүкті болып, кейін сәбилерін қыстың қақаған күндері әр жерге, сәбилер үйлері есігі алдына, көшеге, аялдамаға, қоқыс жәшігі мен әжетханаға тастап кеткендер мен жасанды түсік жасататындар саны азаймауда. Бұндайда қыздарды тәрбиелеуде қазақтың әдет-ғұрыптарымен қатар шариғат ережелерін ұштастыра білген арнайы білімі жоқ қайран аналарымыз, әжелерімізді еске аласың...
Әйелдермен (қыздармен) жасалып жатырған қылмыстар тізбесін оқысаң шошисың, жаның түршігеді.Олар ұрлыққа, бұзақылыққа, алаяқтыққа, қасақана адам өлтіруге т.б. топтық қылмыстарға да қатысып, сотталып жатыр.Тек, быйылғы жылдың 10 айында Қызылорда облысы бойынша әйелдермен 181 қылмыс жасалған, оның 55-і ауыр, 1-аса ауыр қылмыстар.
Иә өкінішке орай, «Қызға қырық үйден тыйым» салып, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қазақи тәрбие бүгінде ұмытыла бастады.Ұятын, арын жоғалтып, «түнгі көбелекке» айналған кейбір аруларымыздың бірнеше жасқа келген, жүре, сөйлей бастаған ішінен шыққан сәбиін өз қолымен қасақана өлтіретін мейрімсіз, қатігез сылқымдардың кесірінен бүгінде қазақ қыздарының қасиетті аттарына нұқсан келе бастады.
Иә бұл ащы да болса шындық.
Жақында Сыр елінде тыныш жатқан елді елең еткізген елеулі оқиға орын алып, әлеуметтік желілерде жарияланып, теледидардан хабарлар таратылды. Қазақтың қызы, аруы деп айтуға аузың бармайтын Қызылорда облысының аудандарының бірінде туып, өскен үш қыз тек ата-аналарын ғана емес, айналасын, өскен өңірін бүкіл елге масқара қылды.Бірінің жасы 31-де, екеуінің жасы 33-те, біреуі жанұялы, екеуінің кәмелетке толмаған балалары бар, бойдақ, біреуінің білімі жоғары, екеуінің білімі арнаулы орта, бұрын сотты болмаған ауылдық жерде туып, өскен.
Қылмыстық топ қылмыс жасар алдында «Facebook» әлеуметтік желісінде тіркелген азаматтардың аккаунтарын ақтарып, білім беру, жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарында, қалалық, аудандық маслихаттарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілер туралы алдын ала олардың байланыс телефондары, лауазымдарының ерекшеліктері, басшылары, жалақы мөлшері, жұмыстағы жеткен жетістіктері, тұрғылықты мекен жайлары, тұрмыстық жағдайы, жанұя мүшелері, жақсы, жаман әдеттері, қасиеттері, әлсіз тұстары, хоббиі, т.б. жеке өмірлеріне қатысты ақпарат жинап отырған. Олар «Whats AppWhats App» немесе «Facebook» әлеуметтік желісінің мессенджерінің қауіпсіз, арнайы органдармен тыңдалып, жазылу мүмкіндігі шектеулі деп ойлап, байланысқа осы жолмен шығып отырған. Олар мемлекеттік қызметшілердің ай сайын айлық алып отыратынан және өзінде болмаса басқа біреуден қарызға ала алатынын, оларға қатысты заңмен белгіленген көптеген шектеулер бар екенін жақсы білген және мемлекеттік қызметшінің психологиясын жақсы зерттеген. Жәбірленушіден өте көп сома бопсаламаған, егерде жәбірленуші ол соманы тауып бере алмаса сұралған соманы төмендетуге келісіп, қанағат тұтқан. Бірақ, артынша қайта жорыққа шығып отырған. Әлеуметтік желі парақшалары арқылы жастары 30-35 тен аспайтын болашақ жәбірленушілерін таңдап отырған. Қылмыстық топтың іс-әрекеттеріне қарасаң құдды бір құқық қорғау, арнайы органдардың жедел іздестіру, тыңшылық, барлау жұмыстарын жүргізу арқылы қарсы жақтың агенттері туралы деректер жинап, әшкерлеуі көрсетілген фильмдер мен шығармалар есіңе түседі. Қылмыстық топ мүшелері мемлекеттік қызметшілерге заңмен арнайы шектеулер қойылғанын біліп, олардың құқық қорғау органдары мен сотқа арызданбайтынына сенімді болған. Қылмыстық жолмен алынған ақшаларды өз пайдаларына жұмсап отырған.
Қызылорда облысының тұрғыны 33 жастағы қылмыстық топ жетекшісі Ш.Сыңаровамен адамдар тобының сөз байласуымен азаматтар мүлкін қорқытып алушылықпен байланысты қылмыстар 2021 жылдың тамыз айының аяғында басталып, 2023 жылдың 16 маусымына дейін жалғасқан. 12 жәбірленушіге әртүрлі сомада материалдық шығын келтірілген.Қылмысты Ш.Сыңарова алдын ала жоспарлап, өзінің «Facebook» әлеуметтік желісінде тіркелген аккаунты арқылы болашақ жемтіктері, мемлекеттік қызметшілер парақшаларына кіріп, өзіне қажет жәбірленушінің лауазымына, жанұясына және жеке өміріне қатысты деректер жинап, әрмен қарай мәліметтерді сыбайластары 31 жастағы Ж.Бектұрғанова мен топқа кейін қосылған 33 жастағы К.Исановаға жолдап отырған.Ал соңғы екеуі әлеуметтік желіде «Hanzi Iskakova», «Аделя Даниярова» жалған аккаунттарын ашып, бір-бірінің аккаунтына кіріп, келген хаттарды оқып, ақпарат алмасу, бақылап отыруға мүмкіндік жасау үшін құпия сөздерімен (пароль) бөлісіп отырған.Әрмен қарай Ж.Бектұрғанова мен К.Исанова Ш.Сыңаровамен таңдалып, ұсынылған мемлекеттік қызметшілерге әуелі аккаунт мессенджері арқылы достық ұсынып, одан кейін әртүрлі тақырыптарға әңгімелерге тартып, соңында мемлекеттік қызметкерді әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық танытуға итермелеп ғаламтордан алынған сұлу қыздың фейк бейнесін жіберіп, әрмен қарай өзара интімдік мәтіндегі хаттар жазысып, алысып отырған. Бұдан әрі екеуара хат алмасу жазбалары арасындағы интимдік тақырыптағы сөздер көшіріліп (скриншоттап), Ш.Сыңароваға жолданатын болған.Ертеңіне топ жетекшісі жәбірленушінің телефонына қоңырау соғып: «Сен көргенсіз, менің кәмелетке толмаған сіңліме не жазып жүрсің, екеуің араңдағы СМС хатты ағасы (кейде әкесі) оқып, қымбат «Айфон» телефонын сындырып тастады, экраны кетті, оны жөндетуге пәленбай мың ақша керек. Сенің жұмыс орныңды білемін. Егер осы шығынды өтесең жазбаларды өшірем, болмаса антикорға,прокуратураға, президент әкімшілігіне арыз жазып, жұмыстан құртамын.Интимдік тақырыптағы жазбалар мен мемлекеттік қызметшіге жат әрекеттер, әдепсіз қылықтарды «Whats AppWhats App» немесе «Facebook» әлеуметтік желіде жариялаймын.Сіңлім үйде қамалып отыр, ағасы (кейде әкесі) ұрып тастады»-деп қоқан-лоқы көрсететін болған.Сотталушылар көбінесе жәбірленушілермен жеке кездеспей телефонмен сөйлесу арқылы қорқытып, ақша бопсалап, өздерінің «KASPI BANK» қосымшасындағы есеп шотына аудартқызып отырған.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі бойынша оларға көптеген шектеулер қойылған. Қызметкерлер моральдық-әдептік нормаларды сақтауға, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуға және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауға, әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеуге міндетті.Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың, азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге, мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұруға міндетті.Жәбірленушілер әлеуметтік желіде өзінің іс-әрекеттері жарияланса қоғамда сынға қалып, лауазымынан айрылып, жанұяда кикілжің туатынын түсініп, бопсалаған ақшаларын беріп отырған.Кейбір жәбірленушілер талап еткен соманы бірден беріп отырса, кейбіреулері бірден тауып бере алмайтынын айтып, келіссөз жүргізіп, талап етілген сомадан аз соманы беріп отырған.
Қылмыскерлердің ең бірінші құрбаны Түркістан облысының бір ауданының Жер қатынастары бөлімінің бастығы С.Бексариев болды.Оның мессенджеріне Ж.Бектұрғанова 2021 жылдың 27 тамызда байланысқа шығып, құрбысымен Шымкент қаласы, 8 мөлтек ауданынан жалдаған пәтеріне шақырады. С.Бексариев танысы А.Серуенбаевпен пәтерге келіп, қыздармен танысып, әңгімелесу кезінде Ш.Сыңарова өзінің мазасы болмай отырғандығын сылтауратып, дәрі алып келу үшін А.Серуенбаевпен сыртқа шығады.Пәтерде қалған Ж.Бектұрғанова да мазасы жоқ екенін айтып, жатып қалады. Ертеңіне 28 тамызда С.Бексариевке өзін Шымкент қаласының Абай полиция басқармасының қызметкері деп телефонмен таныстырған белгісіз біреу екі азаматшаның арыздануына байланысты екеуінің келуін талап етеді. Олар полиция басқармасына келгенде алдарынан шыққан Ш.Сыңарова бір күн бұрын құрбысы Ж.Бектұрғанованы пәтерде С.Бексариевтың еркінен тыс зорлануы салдарынан оның аурухада жатырғанын және сөмкеден оның 500 000 мың т. ақшасының ұрлануына байланысты істі жабу үшін 2 000 000т. бопсалайды.Ақша бермесе полицияға арызданатынын және мемлекеттік қызметшіге жат әрекеттері мен әдепсіз қылықтарын әлеуметтік желіде жариялайтынын хабарлайды. Істің насырға шапқанын түсінген С.Бексариев өзін заңсыз бопсалап, қорқытып ақша талап еткен Ш.Сыңаровамен келіссөз жүргізіп, оның «KASPI BANK» есеп шотына 500 000 т. аударуға мәжбүр болған.
Осыдан кейін, оңай ақшаға дәніккен және жазадан оңай құтылып кететініне сенімді болған Ж.Бектұрғанова мен Ш.Сыңарова қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастырып, 2022 жылдың 16 қазан күні Маңғыстау облысының бір ауданының құрылыс бөлімінің басшысы Ғ.Сабитовті құрыққа түсіріп, одан ағасы сындырды деп жалған айтып, бағасы 640 000 т. тұратын «Айфон» телефонының экранын ауыстыруға 400 000 т. бопсалап, бірақ, келіссөз жүргізу арқылы сотталушының есеп шотына бірнеше рет 47 000 т.,45000 т., 45 000, 32000, екі рет 5000т. және 20000 т., жалпы сомасы 359 000 т.аудартқан.
Олар дәл осындай әдіспен бұдан әрі өздерінің қылмыстық жауапқа тартылмайтынына сенімді болып, қылмыстық іс-әрекеттерін қайта жалғастырады. Ш.Сыңарова 2023 жылдың 14-ші наурызында Жамбыл облысы ауылдық округының әкімі Т.Аспановты қорқытып, ағасының сіңілсінің ұялы телефоны сындырды деп жалған айтып орнына 330 000 т. талап етіп, «KASPI BANK» қосымшасы арқылы есеп шотына 300 000т.аудартуға мәжбүр қылған.
Қылмыс тобы әрі қарай қылмыстарын жалғастырып, махаббат, жыныстық қатынас тақырыбындағы екеуара хат алмасудан кейін Ш.Сыңарова 2023 жылдың 20 сәуірінде Жамбыл облысының бір ауданының мәслихат төрағасы М.Садыровтың жұмыс орнына қызметтік телефонына хабарласып, желіні шулатқаннан кейін есепшотына 150 000 т. аудартқызады. Жұмыс орнына, оның үстіне аудандық маслихатқа телефон шалып, байбалам салу кімді болса да састыратыны белгілі ғой.
Бұдан кейін олар мемлекеттік қызметшілерді одан әрмен қарай бопсалау мақсатында қияндағы Павлодар облысына қарасты қалалық маслихат депутаты З.Исабаевты уыстарына түсіреді. 2023 жылдың 2 мамырында онымен әлеуметтік желі арқылы танысқан Ж.Бектұрғанованың телефонын ағасы сындырды деген сол өтірікті пайдаланып, телефон бағасын 700 000 т.бағалап, құнын талап етеді және 20 000 т. алып, қалғанын кейін аударатын болып келіседі.
Тойымсыз, қойымсыз сотталушылар одан кейін осы тәсілмен 2023 жылдың 5 мамырында Түркістан облысының ауданына қарасты ауылдық округ әкімі Н.Әкімбетовпен байланысқа түсіп, нәтижесінде одан 200 000 т.қорқытып алған.
Сол жылдың мамыр айында Ш.Сыңарова бұл қылмыстық әрекеттері арқылы қомақты қаржы табуға болатынына көзі жетіп, қылмыстық топ құрамын көбейту үшін сыбайлас іздеп, нәтижесінде К.Исанованы көндіріп, оны қылмыстық топтың мақсаты мен оңай ақша табу жолдарымен таныстырады.
2023 жылдың 17 мамырында Ш.Сыңарова алдын ала келісілген жоспарға сәйкес Н. Нұрмақовтың аккаунтына кіріп, жаңа сыбайласы К.Исановаға ақша бопсалауға бағытталған тапсырмасын береді.Соңғы Н. Нұрмақовпен 16 мамырда Түркістанда қонақ үйде кездесіп, өз еріктерімен жыныстық қатынасқа түседі.Кездесу барысында К.Исанова жәбірленушінің жуынатын бөлмеге кіргенін пайдаланып, оның жеке заттарын ақтару барысында оның құқық қорғау органына тиесілі қызметтік куәлігін смартфонға суретке түсіріп, Ш.Сыңароваға жібереді. Оларды жәбірленушінің құқық қорғау органында басшы құрамда қызмет істейтіні де тоқтатпайды. Ертеңіне Ш.Сыңарова Н. Нұрмақовқа телефон соғып: «Сен сіңлімді қонақ үйде зорлапсың, қазір ол ауруханада жатыр, сенің жұмыс орныңды білем, жұмысыңа жазып, жұмыстан құртам деп одан 100 000т. қорқытып алған.
2023 жылдың 27 мамырында К.Исанова Қызылорда облысы ауылдық округтерінің бірінің әкімі М.Сейдахметовпен танысып, саунаға барып, өз еріктерімен жыныстық қатынасқа түсіп, ертеңіне Ш.Сыңарова жәбірленушіге хабарласып:өзінің К.Исанованың әпкесі екенін, оның зорлануы салдарынан ауруханада жатқанын, өзін жұмыстан құртатынын хабарлап, 200 000 т. бопсалап, оның 140 000 т. алған.
2023 жылдың 29 мамырында Ш.Сыңарова заңсыз жолмен Түркістан қаласы білім ордаларының бірінің директор орынбасары О.Маханбетовке сіңлісінің ағасы тарапынан сындырылған (жалған айтып) смартфон үшін 200 000т., 2 маусымда Қызылорда қаласындағы білім ордаларының бірінің директоры А.Қойбағаровқа жоғарыдағы тәсілдерді қолданып оларды интимдік хат алмасу нәтижесімен ұстаздық мамандыққа жат мінез-құлық көрсеттің деп 309 000т. бопсалап алған. Дәл осындай жолмен, сол өзіне тән әдіспен екі күн өткеннен кейін 4 маусымда Ш.Сыңарова Алматы облысына қарасты ауылдық округінің әкімі Т.Мизановтанты қармағына түсіріп, одан 200 000 т., 7 маусымда батыс облыстарына қарасты қалалық әкімінің орынбасары И.Жұматаевтан 500 000т.талап етіп, нәтижесінде келіссөз жүргізу арқылы 50 000 т.бопсалап алған.
Қылмыстық топ өздерінің ұсталмасына, тұтылмасына әбден сенімді болған қылмыстық топ мүшелері жәбірленушілерді бопсалау жолымен заңсыз тапқан ақшаларына қанағат тұтпай қылмыстық әрекеттерін әрмен қарай жалғастыру барысында 2023 жылд 16 маусымында жедел іздестіру шаралары нәтижесінде жәбірленуші З.Исабаевтан қорқытып талап еткен 700 000 т. бір бөлігі 400 000 т. алу үстінде полиция қызметкерлерімен құрықталған.
Қандай да бір қылмыстың ерте ме, кеш пе әшкерленуі, қылмыскерлердің құрықталатын белгілі ғой... Қылмыскерлер 3 жыл бойы өз қылмыстарын жүзеге асырып келген.Олардың уақтылы құрықталмауына жәбірленушілердің құқық қорғау органдарына арызданбауы себеп болған. Жәбірленушілердің дені (З.Исабаевтан басқасы) ұлттық, қазақи тәрбие сақталған, оңтүстік және батыс облыстарынан. Жәбірленушілердің арасынан тек З.Исабаев басында жіберген қатесін түсініп, оларды басындырмай нар тәуекелге барып, құқық қорғау органына хабарласып, олардың қылмыстық әрекеттерін әшкере қылып, ұстатты. Иә қаншама ер азамат ішінен заңды білетін, ұятсыз қылмыскерлердің жорығына тоқтау салып, үш жылға созылған бұл қылмыстарға нүкте қоюға бір азаматтың ғана батылы жетуі әрине қынжылтады. Олар құрықталмағанда жәбірленушілермен қайта байланысқа шығып, бұрын жартылай берген сомаларынан қалған бөлігін қайтадан бопсаламақшы болған. Олардың әлі қанша мемлекеттік қызметшіні сорлататыны белгісіз еді.Осылай сайраңдап, еркектерді моральды сындырып, 23 айға созылған оңай ақша табуды мақсат тұтқан қылмыскерлер тобының жорықтарына нүкте қойылды.Жәбірленушілердің жергілікті атқарушы, мемлекеттік, педагогиқалық, құқықтық қызметтерде қызмет істеуіне байланысты әлеуметтік желілерде өздерінің жеке өмірлеріне қатысты жағымсыз, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық жаман әдеттері жариялануы салдарынан лауазымдарынан айрылып, жанұяда орын алуы мүмкін кикілжіңнің алдын алмақшы болған және заңдарды жетік білмеген.Қылмыстық топ басында 2021-22 жыл аралығында 2 қылмыс жасаумен шектелген, үзіліс жасап, полиция ақпараттарына құлақ түріп отырған.Кейін жәбірленушілердің арыз жазбайтынына сенімді болғаннан кейін еркінсініп, арандары ашылғандары соншалықты 2023 жылы 11 қылмыс, оның ішінде тек бір мамыр айында 7 қылмыстарын (екі қылмысы күн ара) жасап іске асырған.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2 бөлігінің 2),3) тармақтарында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; бірнеше рет жасалған қорқытып алушылық мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.Сот үкім шығару барысында сотталушылардың ауыр санаттағы қылмыстар жасағанын, алайда олардың жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін мойындауы, шын ниетпен өкінуі, жас балаларының болуы, шығынның орнын ішінара толтыруын, бұрын сотты болмағанын, ал қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлары жоқ екендігін басшылыққа алып, оларға мүліктерін тәркілеусіз бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Сонымен қатар, оларға пробациялық бақылау белгіленіп, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жыл сайын бір жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылуға жатады деп тапты.
Қылмыс ашылды, қылмыскерлер құрықталды, сот үкімі шықты.Сот сотталушының жағдайын ауырлататын, жеңілдететін барлық мән-жәйларын саралап, таразыға өлшеп, әділ үкім шығарды дейік. Адам қылмыскерден күдіктіге, одан айыпталушыға, одан сотталушыға, кейін жазасын өтеушіге айналды. Сот билікті мемлекет атынан айтады, соттың әділ үкім шығарғанына ешкім күмән келтірмейді, оның үстіне заңда әрбір жасалған құқық бұзушылық үшін тағайындалған жазаның ауыры, жеңілі жоқ деген ұғым бар.
Осымен полиция, прокуратура, судья барлығы жоғарыға баяндап, иықтарынан бір жүк түскендей сезінді.Адвокат қорғағаны үшін тиесілі ақшасын алып, ол да өз миссиясын тоқтатты. Әрине, әрбір адам өзінің жасаған құқық бұзушылығына заң шеңберінде жауап беруі тиіс.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 12-бабына сәйкес республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады, ал 34-бабқа сәйкес әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi. «Адамды ат ұрлағаны үшін емес, алдағы уақытта басқалардың ат ұрламауы үшін дарға асады»- деген ХХVІІ-ғасырда өмір сүрген ағылшын мемлекет қайраткері М.Галификс. «Жазаланған қылмыскер сұм, жексұрындарға үлгі болады»-деген ХХVІІ-ғасырда өмір сүрген француз жазушы-моралисті Ж.Лабрюйер.Әрбір азамат өзінің әлеуметтік, материалдық жағдайына, ұлтына, дініне және басқа да белгілеріне қарамастан заң алдында бәрі бірдей болуы, әрбір құқық бұзушының жасаған құқық бұзушылығы үшін жазаның қолданылмай қалмайтындығы, құтыла алмайтындығы, бұлтарпастығы барлық мемлекеттерде қолданылатын жалпыға бірдей қылмыстық заңнаманың қағидаты болып табылады. Жаза-мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы.Қылмыскердің жасаған қылмысы үшін жазаға тартылмауы халық алдында олардың құрықталып жазаланатынына күмән туып, кері теріс ұғым қалыптасуына, мемлекеттік органдарға сенімсіздік білдіруіне негіз болады және жалпы моральдық талапшылдық деңгейін төмендетеді, құқық бұзушылықтар мен құқық бұзушыларға төзбеушілік деңгейі әлсірейді. Қоғамда адамдарды, әсіресе балаларды тәрбилеуге кері әсерін тигізеді.
Бірақ барлығы осымен аяқталды деуге бола ма...Әрине мен құқық қорғаушы, заңгер ретінде бұл қылмыстық іс төңірегінде бәрі аяқталды, жабылды деуіме болатын еді. Бірақ, осы қылмыстық іс төңірегінде адамға ой келеді. Өйткені сот үкімінің артында адам тағдыры, адам факторы бар. Адами тұрғыдан қарағанда қылмыскер атанған қыздарымызға қатысты барлық мәселелер аяқталмаған сияқты.Өйткені қылмысы дәлелденіп сотталып, жазасын өтеуші болғанмен олар өз мемлекетінің азаматтары, отбасыларының иесі, біреудің жары, сүйеуі, балдарының анасы. Бәрінен де ел алдында жер болған әкесі мен анасына, жұбайларына қиын, балаларға да оңай емес. Әрбір сот үкімінің артында тек сотталушының ғана емес оның бала-шағасының тағдыры тұр. «Жауыңның жауына түрменің темір торын көрсетпесін» дейтін анам. Қылмыскерлер бас бостандығынан айрылмаса да олар енді өздігінше жүріп- тұру, үйінен кез келген уақытта шығып, баратын жеріне бару құқықтарынаң айрылды, белгілі бір игіліктерден, мүмкіндіктерінен айрылады. Әрбір жазаланған адамда қорлану, кемсітілу, намысының, арының тапталуы болады. Адамгершілік тұрғысынан қарағанда адам баласына қолданылған қандай-да бір жаза ауыр болып есептеледі.
Ең бастысы олардың қайтадан қылмыс жолына түспеуі.Олар бұл қылмыстық жазадан сабақ шығарса, түзелу жолына түссе, жанұясын, балаларын асырап оларды тәрбиелеуге ден қойса...
Олар неліктен бұл қылмысқа барды? Неге олар қылмыстық әрекеттерге бармастан бұрын өзінің, әке-шешесінің, жанұясының тағдыры туралы ойланбады? Әлде олар құрықталмай, құтылып кетемін- деп ойлады ма? Жасаған қылмыстары үшін жауапкершіліктен барлығы құтыла бермейді.Бес, он жылдан кейін бәрібір бір күні қылмыскер тұтылып, әділдік салтанат құрады.Мемлекеттің, оның органдарының қылмысқа қарсы күресуге мүмкіндіктері, тетіктері жеткілікті. Халықта «Бәле қайда деме, аяқ астында»-деген сөздер бекер айтылмаған болар.
Мүмкін олар өздерінің іс-әрекеттеріне шаттанып, мақтаныш тұтатын болар, бірақ өздерінің әрекеттері арқылы болашақ аналарымыздың салт-санасына кері әсерін тигізіп, бүкіл қазақ әйелдерінің атына кір келтіргенін біле ме екен.Мүмкін өкінетін болар. «Солай болғанда ғой...» деген сөзден артық қайғылы сөз айтылған да, жазылған да емес. Джон Гринлиф Уиттьер.
Жер бетіндегі ең соңғы ағаш құлайды, ең соңғы көл тартылады, ең соңғы құс өледі. Адамдар осы кезде ғана ақшаны жей алмайтынын түсінеді. (Үнді мақалы).
«Жастарға ақыл айту-қарыз, өнеге үйрету-парыз, тәжірбие ұқтыру-міндет.Бұл үшеуін айтпаса-қарт кінәлі, ұқпаса-жас кінәлі»-деген екен бір ғұлама.
Қазақ қызы,Пəк едің бұрындары..
Арың сенің ақ еді сүттен-дағы.
Еш жамандық жаныңды былғамаған,
Судан тұнық, таза едің, мөлдір лағыл.Кім кірлетті..
Гүлмекен Қасенбай.
Белгіл себептермен сотталуышылар мен жәбірленушілердің аты жөндері өзгертілді.
Хұсайын Асанұлы Қоразбаев
Заңгер-журналист, полковник
Ақпарат саласының үздігі