Қазақтың руханият әлемінде өз қолтаңбасын қалдырған үш алыптың – жазушы Асқар Сүлейменов пен қоғам қайраткері, жазушы, дипломат Алтыншаш Жағанованың отбасында тәрбиеленіп, ұлттық өнер мен әдебиеттің қайнарынан сусындап өскен Қарагөз Сүлейменованың өмір жолы – тағылымы терең, өнегесі мол ғұмыр. Әкесі – ой мен сөздің қадірін терең ұғындырған парасат иесі, анасы – қайсар мінезі мен қайраткерлігі арқылы қазақ қоғамында өзіндік орны бар тұлға. Осындай зияткерлік ортада өскен Қарагөз Асқарқызының балалық шағы қазақтың маңдайалды ақын-жазушылары мен өнер қайраткерлерінің ортасында өтті. Үлкендердің әңгімесін тыңдап, олардың өмірлік ұстанымдары мен адами қасиеттерін бойына сіңірген ол жастайынан сөздің салмағын, өнердің киесін, ар мен абыройдың бағасын түсініп өсті. Сондықтан ата-анасының атына кір келтірмеу, олардың аманатына адал болу – Қарагөз Асқарқызы үшін өмірлік ұстанымға айналды.
Алайда Қарагөз Сүлейменова – ұлы тұлғалардың қызы ғана емес, өзіндік өнер жолы, әншілік болмысы, ғылыми ізденісі мен өмірлік көзқарасы қалыптасқан жеке тұлға. Қазақтың дәстүрлі ән өнерін жүрекпен сезініп, ұлттық мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мұрат еткендіктен сахнада да, ғылым мен ұстаздық жолында да өзіндік із қалдырып жүр. Оның өмірі – ата-анадан дарыған парасат пен тәрбиені, отбасылық жауапкершілікті және өнерге деген адалдықты қатар алып жүрудің үлгісі. Ел құрметіне бөленген жандардың ортасында өсіп, халықтың ықыласына бөленген Қарагөз Асқарқызымен әңгімемізде біз оның балалық шағына, ата-анасының өнегесіне, өнер жолындағы ізденісіне, отбасылық құндылықтарына деген көзқарасына және өмірден түйген терең ойларына үңілдік.
Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, жазушы Асқар Сүлейменов ағамыз бен жазушы, қоғам қайраткері, дипломат Алтыншаш Жағанова апайдың қызысыз. Ата - анаңыздың абыройы сізге бала кезіңізден қандай жауапкершілік жүктеді?
Ата-анамның бекер адамдар емес екенін бала кезімнен сезіне бастадым. Себебі ол кісілер ой мен пәлсапаға жақын жандар еді. Үйде кітаптар мен түрлі тақырыптар талқыланып, әсіресе шетел әдебиетіндегі жазушылардың шығармалары туралы жиі айтылатын. Мен олардың әңгімелерін тыңдап, бойыма тоқып өстім.Үйімізге жазушылар мен ақындар жиі келетін. Нұрғиса Тілендиев, Әбдіжәміл Нүрпейісов ағаларымызды, кейіннен Зейнолла Серікқалиев, Зейнолла Қабдолов, Хамит Ерғалиев, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев сынды тұлғаларды өз көзіммен көрдім. Олардың әкемді ерекше құрмет тұтатыны әлі есімде. Ал анам қазақтың ардақты қыздарының бірі. Ол «Қазақстан әйелдері» журналымен қатар, «Жаңа фильм», «Новый фильм» атты журналдардың жарыққа шығуына бастамашы болған. Сол кезеңде қазақ кино өнері туралы арнайы журналдар тапшы болғандықтан, осы басылымдары шығаруға мұрындық болып, ұлттық киноматографияның дамуы мен насихатталуына, қазақ киносының өркендеуіне үлкен үлес қосқан. Қазақ ССР Мемлекеттік кинематография комитетінде бас редактор қызметін атқарған тұсында қазақ фильмдерінің тігісін жатқызып, Мәскеуге апарып, көгілдір экранға шығару үшін табандылықпен күресіп, бар күш-жігерін жұмсап, айқасқанын да білемін. Әке-шешемнің қалыптасу жолы оңай болған жоқ. Олардың еңбектеніп, адалдықты ту етіп, кейде өз ұстанымдарын дәлелдеу үшін күрескен сәттеріне де куә болдым. Өнер мен әдебиетке жақын болғандықтан, мені музыкалық мектепке берді. Менің тұлға болып қалыптасуыма екі әжемнің де ықпалы зор. Олар – нағашы апам Мүслима мен әкемнің анасы Айтотым. Осы кісілер бойымдағы жақсы қасиеттердің қалыптасуына екі жақтап ықпал етті. Әкенің қаны, ананың сүті дегеннің жөні бөлек, әрине. Ата-анамның жай адамдар емес екенін бала кезімнен сезіндім. Сондықтан мен үшін әкемнің де , анамның да атына сөз келтірмеу әрдайым маңызды болды. Анам мені «Қырық үйден тыйым» деген қағиданы ұстанып тәрбиеледі.
Айтулы тұлғалардың қызы болу өмірлік ұстанымыңыз бен мінезіңіздің қалыптасуына қалай әсер етті?
«Сабыр түбі – сары алтын» деген мақалдың мәнін бойыма сіңірді. Қандай жағдай болса да, әліптің артын бағу, сабыр сақтап, ауыртпалыққа төзе білу, қажет кезде көне білу секілді қасиеттер бойымда осылай қалыптасты.
Ата-анаңыздың қай қасиеттері бойыңызға сіңді?
Ата-анама қарап, жауапкершілікті сезінуді үйрендім. Ең алдымен адал болу, көңілдің таза, жүректің ашық болуы, адамның көкірегінде тәкәппарлықтың болмау керектігін түсініп өстім. Осындай қасиеттерді бойға сіңірудің маңызын, ал теріс қылықтардың күнә екенін ата-анамның өнегесінен көрдім. Олардың бойындағы жақсы қасиеттері маған қан арқылы да берілген шығар. Екінші жағынан, адам өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Өмірге пәлсапалық тұрғыдан қарау қасиеті де бойыма әкем арқылы сіңді. Кей кездері көңілім құлазып, мұңайып қалатын сәттерім болады. Әсіресе жаңбыр жауған кезде көңілім неге екенін білмеймін, жабырқап кетеді. Жалпы бойымда ерекше сезімталдық бар. Бұл да әкемнен берілген қасиеттердің бірі деп ойлаймын. Әкемнің тағы бір керемет қасиеті – өзі туралы жағымсыз сөз айтылса да, ешқашан ол кісіге өкпелеп, ренжімейтін. Яғни өсектен биік тұратын. Сол қасиет менің де бойымда бар. Кейде бір нәрсені ести сала, бірден айтып қалуым мүмкін. Бірақ кейіннен кеңдік танытып, бәріне түсіністікпен қарауға, кешіруге тырысамын. Біреудің соңына түсіп, «ол сондай екен, мұны былай істеу керек, олай істеу керек» деп үкім айтатын пендешілігім жоқ. Бәріне Алла куә деп, қоя саламын. Ал анамнан бір істі аяғына дейін жеткізуді, оны реттеп, бақылауды, белгілі бір деңгейге көтеруді үйрендім. Табандылық, ұқыптылық, жан-жақты бағдарлай білу, іске тиянақтылық сынды қасиеттер анамнан дарыды. Қажет жерінде батылдық танытып, шындықты айтуды да үйрендім.
Танымал, беделді, ел ықыласына бөленген тұлғаның жары болудың өзіндік жауапкершілігі бары анық. Десе де ағаның абыройын сақтай отырып, өз болмысыңызды жоғалтпау қаншалықты қиын болды?
Танымал тұлғаның жары болу оңай емес. Ең алдымен, оған қызмет ете білу керек. Оның мінезін, еркелігін көтере білу қажет. Әйтпесе мұндай адамдармен бірге өмір сүру оңайға соқпайды. Өнер адамдарының болмысы көбіне осындай. Уақыт өте келе өмір адамның өзін тәрбиелейді, үйретеді, илейді. Себебі әйел заты үшін басты құндылықтардың бірі – отбасының берекесін сақтау, шаңырақты шайқалтпау. Сондықтан отбасында еркелік те, мінез де болады. Кейде күліп отырып: Бізде кейде жанартау атқылайды, кейде жер сілкінеді, кейде Қалдан Серен, кейде Құнанбай болып шыға келеміз. Ал кейде «Бандыны қуған Хамит» фильміндегі Хамиттей күй кешеміз – деймін. Шынында да, солай. «Ер азаматтың көңілі күніне жеті рет жетімсіреп, сегіз рет семіреді» деген сөз бар. Сол себепті оның көңіл күйін түсініп, ыңғайына жығыла білу керек. Олай болмаған жағдайда, онымен бірге өмір сүру қиын.
Қандай жарсыз?
Әйел адамның өзіне тиесілі міндеттері бар. Үйге келетін қонақты күту, ер азаматың ашулы болса қарсы сөйлемеу, сөзге келмей, кейде үндемей қалу, мәселенің тігісін жатқызу, асын алдына қою, киімінің үнемі үтіктеулі болуына мән беру – мұның бәрі әйел адамның мойнындағы жауапкершіліктердің бірі. Ағайын-туыспен араласу да халқымыз үшін өзіндік пәлсапасы бар үлкен құндылық.
Ата-анаңыздың абыройымен жұбайыңыздың танымалдығы сізге жол ашты ма, әлде елдің сенімін ақтап, өз орныңызды дәлелдеуге көбірек күш салуға тура келді ме?
Өнерім әрдайым іштей өзіммен бірге, жүрегімде болды. Ұзақ жылдар бойы армандағаным – айтатын әндерімнің әрқайсысы жүрегіммен, ойыммен, жан дүниеммен астасып жатса деген тілек еді. Кей кездері әндерімді орындаған сәттерде жан дүнием тазарғандай күй кешетінмін. Халқымыздың әндері өте терең. Әр әннің өзіне тән тарихы, тағдыры мен терең мағынасы бар. Ән арқылы адамның жан дүниесі ашылып, жүректегі сезім сыртқа шығады. Мен үшін ән айту – жай ғана өнер көрсету емес, жүрекпен сезіну, оймен ұғыну және жан дүниеңмен үндесу. Қазақ әндерінде композиторлардың мұңы мен зары, махаббаты мен арманы жатыр. Әр шығармадан олардың жан дүниесін, өмірге деген көзқарасын сезінуге болады. Күйеуімнің тілін табуға тырысып, отбасылық міндеттерімді атқара жүріп, өз жұмысымды да шет қалдырмай, еңбектерімді қорғадым. «Әдебиет және өнер институтында» академиктермен дастархандас болып, отыз жылдай аралас-құралас жүрдік. Олардың қатарында Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов сияқты тұлғалар болды. Бұл кісілер менің ата-анамды керемет құрметтейтін. Мәселен, Хамит Ерғалиев ағамыздың үйге келгені есімде. Бойшаң, шашы қалың, аппақ өңді, қолына таяқ ұстаған қалпында үйге келіп, әкеммен «сіз» деп сөйлесетін. Ғаділбек Шалахметов пен Сағат Әшімбаев ағаларымыздың да әкемнің алдында именіп, ерекше құрмет көрсетіп, қоштасып кеткендерін көрдім. Ол кезде мен әлі жас едім. Сол уақыттардағы талай дүниенің қадірін бүгінгі күні түсініп отырмын. Біз адал достықтың қандай болатынын көріп өстік. Төкен Ибрагимов, Зейнолла Серікқалиев, Герольд Бельгер сынды азаматтар әкемді ерекше құрметтейтін. Әкем дегенде ішкен асын жерге қойып, оның жанынан табылуға дайын тұратын. Әкемнің бүкіл пәлсапасын, кейде бірден түсінбесе де, ұғынуға тырысатын. Өйткені олар әкемнің әлемдік деңгейдегі тұлға екенін түсінген жандар еді.
Президент оркестрінде жұмыс істедім. Ұзақ жылдардан бері «Сазген сазы» этнографиялық ансамблімен шығармашылық байланыстамын. Ансамбльдің негізін қалаған Ғабиден Тұяқаевтың тәлім-тәрбиесін көріп, мектебінен өткен Бағдат Тілегенов, Марат Жалбыров, Ықылас Нұрғалиев сынды өнерпаздар ұжымның қалыптасуы мен шығармашылық дамуына өз үлестерін қосты. Олар ансамбльдің алғашқы қадамынан бастап бүгінге дейін ұжымның іргесін бекемдеп, шығармашылық дәстүрін сақтап, абыройын асқақтатып келе жатқан азаматтар. Өнерге деген адалдығы мен ұлттық мұраға деген құрметінің арқасында ансамбльдің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп келеді. Бүгінде «Сазген сазы» этнографиялық ансамблі ұлттық музыкалық мұрамызды дәріптеп, халқымыздың дәстүрлі өнерін әлемге танытып жүрген еліміздегі алдыңғы қатарлы, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан бірегей ансамблдің бірі. Өнерге деген адал сүйіспеншілік қана ұлттың рухани қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, оның өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, «Қазақстан әйелдері» журналында жұмыс істедім, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ бердім. Кейін телеарна саласы да мені қызықтырды. Себебі бұл да өзіңді танытудың, қабілетіңді көрсетудің бір жолы еді. Телевизияның өзі – бөлек әлем, өзіндік талабы мен жауапкершілігі бар үлкен өнер. Эфирге келген қонақты сөйлете білу, оның ішкі ойын ашып, көрерменге әсерлі әңгіме ұсына алу – жүргізушінің шеберлігіне байланысты. Кейде бір ауыз орынды сұрақтың өзі адамның жан дүниесін ашып, тұтас бір тағылымды әңгіменің арқауына айналуы мүмкін. Сонымен қатар өз ойыңды салмақтап жеткізіп, әр сөзіңе жауап бере білуің керек. Өйткені сенің алдыңда отырған қонақпен ғана емес, экранның арғы жағында отырған мыңдаған көрерменмен де тілдесіп отырғаныңды ұмытпау қажет. Тікелей эфирде әр сөздің салмағы бар, әр қимылдың мәні бар. Сондықтан жүргізушіден білім мен біліктіліктен бөлек, қырағылық, сабыр, сезімталдық және адамды түсіне білу қасиеті талап етіледі. Меніңше, нағыз жүргізуші көрерменге жай ғана ақпарат беріп қоймай, оның көңіліне ой салып, жүрегіне жылу ұялата білуі керек. Ал мұның бәрі үлкен тәжірибені, ізденісті және өз ісіңе деген шынайы сүйіспеншілікті қажет етеді.Осы жұмыстарыммен қатар әншілік өнерімді ұмытқан емеспін. Кезінде Шәмші Қалдаяқов атындағы конкурста, «Шабыт» фестивалінде лауреат атандым. Мұның бәрі мен үшін әлі күнге дейін ыстық естеліктер. Жолдасым менің әншілік өнерімді жақсы түсінді. Ол кісінің өзі де өнер адамы болғандықтан, қабілеттімді бағалай білді. Бастапқыда әншілігіме аса қатты қолдау көрсетпегенімен, уақыт өте келе әншілік өнердің мені іштей мазалап, ойландырып, толғандыратынын түсінген жандардың бірі болды. Әнші болу үшін де қомақты қаражат қажет екенін ескеру керек.
24 қазан күні Алматы қаласындағы Республика сарайында өткен жеке шығармашылық концертіңізді «Қарагөз-Айым» деп атапсыз. Бұл — азан шақырып қойған атыңыз ба, әлде өнер жолында иеленген есіміңіз бе? Осы атаудың мән-мағынасына тоқталып өтсеңіз.
Әкем мен он бес жасымда: «Сенің атың — Қарагөз-Айым», – деп еді. Сол кезде «қара» сөзінің астарында қандай терең мағына жатқанын әкемнің өзі түсіндіріп берген болатын. Жас болған соң, оның әр сөзінің байыбына толық бара қоймаппын. Кейде ойлаймын: әкем өзінің бұл дүниеден ерте озатынын сезді ме екен? Әлде маған өмір бойы серік болатын бір аманатын осылайша жеткізді ме екен? Оны енді білу мүмкін емес. Әкем мен жиырма төрт жасқа келгенде дүниеден озды. Бірақ әкемнің сол сөзі мен үшін уақыт өткен сайын тереңдей түсетін рухани мұраға айналды. Қазақтың танымында «қара» сөзі жай ғана түсті білдірмейді. Оның астарында тұтас бір халықтың болмысы, өмірлік философиясы, тамыры мен тіні жатыр. Мәселен, қара жер – тіршіліктің бесігі, қара шаңырақ – ұрпақтың панасы, қара халық – ұлттың жүрегі, қара бала – деген сөздің өзінде халықтың төл перзенті, елдің өз баласы деген ұғым бар. Қарапайым көрінетін осы сөздердің өзінен халқымыздың дүниеге деген көзқарасын, өмірді тану тереңдігін аңғаруға болады. Қазақ үшін қасиетті ұғымдардың көбінің қара сөзімен тіркесуі де тегін емес. Өйткені халықтың тамыры тереңде, ал сол тамырды ұстап тұрған құндылықтар көзге көрінбегенімен, өмірдің өзін ұстап тұрады. Бүгінде «Қарагөз-Айым» деген есімге ой жүгірткен сайын, әкемнің маған жай ғана ат қоймағанын, есімімде қазақы болмыс, ұлттық таным, әкелік мейірім мен үлкен жауапкершілік жатқандай көрінеді. Сондықтан «Қарагөз-Айым» мен үшін жай ғана сахналық атау емес. Ол – әкемнен қалған аманат, ұлттық болмысыма бастайтын жол, жүрегімдегі сағыныш пен мақтаныштың тоғысқан тұсы.
Әйгілі тұлғалардың жақындарына қойылатын талап та, қоғамның олардан күтері де бөлек. Сіз үшін осы жауапкершіліктің ең ауыр тұсы қандай?
Танымал тұлғаларға бір-бірінің қоятын талабы, қоғамның оларға артатын үміті бар. Бұл бір жағынан дұрыс көрінгенімен, екінші жағынан, ойланатын тұстары да аз емес. Неге десеңіз, өмір өз ағымымен жүріп жатады. Әр адамның өз ойы, ішкі толғанысы, жеке басы мен отбасына қатысты мәселелері болады. Сондықтан қоғамның талап қоюы мен белгілі бір нәтижені күтуі бір басқа да, адамның күнделікті тіршілігі мен мүмкіндіктері бір басқа. Күйбең тіршілік адамның уақытын да, күш-қуатын да алады. Өмірдің сан-салалы міндеттері мен уақыттың зымырап өтуі арасында барлық мәселені ысырып қойып, ешқандай қиындықсыз өмір сүру мүмкін емес. Кейде біз осыны ескере бермейміз де, өзгелерден үнемі бір нәрсе күтеміз.Осы орайда айтайын дегенім – міндетті түрде белгілі бір тұлға болуды өмірдегі басты ұстанымға айналдырмау керек. Ең алдымен жақсы адам болу қажет. Мен үшін ең үлкен қасиет – осы. Мықты ғалым бол, мықты музыкант бол, қандай салада жүрсең де, өз ісіңнің шебері атан. Бірақ ішкі жан дүниең соған сай болмаса, оның бәрі бекер. Бүгінгі қоғамда адамдар бір-бірінен қалмауға, өзгенің жетістігімен бәсекелесуге тырысады. Алайда адамның шынайы бағасы атақ-абыройымен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – адамдық қасиетті жоғалтпау, айналаңа құрметпен қарау және ар-ұжданды биік ұстау.
Еңбегіңіз үшін берілген қандай баға немесе марапат сіз үшін ерекше қымбат?
Мен үшін ерекше ыстық әрі үлкен әсер қалдырған марапат – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын алған сәтім.
Қызметіңізде қандай қағидаларды басшылыққа аласыз?
Қызметімде ұстанатын басты қағидаларымның бірі – кез келген түйткілді шешу үшін мәселенің мән-жайына жан-жақты үңіліп, оның шешу жолдарын анықтау. Өйткені кез келген мәселені шешудің ұзақ та, қысқа да жолы бар. Мен шамам келгенше оның төте жолын тауып, оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге тырысамын. Ол үшін бар қабілетім мен тәжірибемді пайдаланамын. Кейде сөзіммен, кейде іс-әрекетіммен, кейде өз орным мен мүмкіндігімді пайдаланып, істің алға басуына ықпал етемін. Ең бастысы, сол жұмысты ойдағыдай атқара алатын адамға мәселенің мәнін түсіндіріп, дұрыс жеткізе білу керек деп ойлаймын. Дауыс көтеріп, біреуге діңкілдеп, ештеңе дәлелдей алмайсың. Жағдайдың мәнісін түсіндіріп, оның арғы жағында не жатқанын сол адамның жүрегіне жеткізе білу керек. Көп жағдайда мәселені шешетін – адами фактор. Сондықтан мен жанның адами болмысына ерекше мән беремін.
Бойыңыздағы ең жақсы қасиет деп қайсысын айтар едіңіз?
Менің жақсы қасиеттерімнің бірі – аңқылдақ көңілім мен ашық жүрегім. Бұл – менің табиғатым. Көпшілік осы мінезіме таңғалып жатады. Қазір біреумен сөзге келіп қалсақ та, ертеңіне әлгі адам алдыма келіп: «Қалайсыз?» – деп сөйлессе, мен оған өкпемді сақтап, саусағымды бүгіп отырмаймын. «Пенде ғой, ондай-ондай болады», – деп, әрі қарай әңгімемізді жалғастыра беремін. Жүрегімнің ашықтығы деген – осы. Кейде таныстарым мен туыстарым: «Неге сен осындайсың?» – деп ренжіп жатады. Бірақ мен басқаша бола алмаймын. Бұл да ата-анамнан дарыған қасиеттердің бірі. Иә, мен өте қайырымды адаммын.
Қиын сәттерде сізге күш беретін не немесе кім?
Менің Аллаға деген сенімім бала кезімнен қалыптасты. Алты жасымнан бастап нағашы апам маған дұғалар мен сүрелерді үйретсе, анам обал мен сауаптың, адалдық пен арамдықтың, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратуды түсіндірді. Ал әкемнің анасы арқылы ер мен әйелдің арасындағы сыйластықтың, ер азаматқа деген құрметтің мәнін ұғындым. Осылайша, отбасымның тәлім-тәрбиесі менің дүниетанымымның қалыптасуына, адамгершілік ұстанымдарымның беки түсуіне ықпал етті. Өйткені адам бойындағы рухани құндылықтар бір күнде пайда болмайды. Олар балалық шақта жүрекке ұялаған тәрбие мен санаға сіңген өнегеден бастау алады. Әлі күнге дейін есімнен кетпейтін бір көрініс, бала күнімде анамның ауылына барған едім. Ақмола облысындағы Астрахан ауылында жалаңаяқ келе жатқан сәтімде жаңбыр жауды. Жаңбырдың тамшылары жылы болатын. Алты жастағы бала болсам да, үстімнің су болғанына қарамай, шаттанып келе жаттым. Сонда мен: «Бұл дегенің – Алланың нұры», – деп күліппін. Сол сәтті есіме алып, ой елегінен өткізсем, сол бір жылы жаңбыр менің жан дүниемдегі Аллаға деген сенімнің алғашқы сәулесі екен. Әлемнің әр құбылысынан жақсылықтың нышанын көріп, табиғаттың әрбір сыйын жүрекпен қабылдай білу қажет. Ересек адамдар кейде өмірдің мәнін ұзақ іздеп, сан түрлі сауалдарға жауап таппай жатады. Ал бала үшін бір тамшы жаңбырдың өзі ғажайыпқа айналуы мүмкін. Өмірге, Жаратушыға деген сенімнің тереңдігі жүректің тазалығымен өлшенеді. Сол күні мен жаңбырды жай ғана табиғат құбылысы ретінде емес, Жаратқанның мейірімін сездіретін бір белгі ретінде қабылдаппын. Мен Аллаға деген сенімімді өмірімнің ажырамас бөлігі деп білемін. Алла әр істің қисынын келтіретініне, адамға көтере алатын сынағын беріп, қиындықтың ар жағынан бір қайырдың есігін ашатынына иланамын. Бұл – өмірде ешқандай кедергі болмайды деген сөз емес. Керісінше, өмірдің өз жолы бар, оның бұралаңы да, белесі де, адамды ойландырып, шыңдайтын сынақтары да аз емес. Бірақ сондай сәттерде адамды құлатпай ұстап тұратын ішкі тірек қажет. Мен үшін сол тірек – иман мен үміт. Намазға бірден келген жоқпын. Қандай жағдай болса да, Жаратқанға іштей сыйынуды тоқтатқан емеспін. Бүгінде намаз оқимын. Мұны өзімнің рухани жолымның бір сатысы деп ойлаймын. Өйткені иман – тек белгілі бір амалдарды орындаумен шектелетін ұғым емес, ол адамның ішкі дүниесімен, ниетімен, ар-ұятымен және тіршілікке деген көзқарасымен сабақтасып жатады. Сенім адамға жақсылық жасауға жігер беріп, жамандықтан тыйылуға шақырса, оның өмірдегі шынайы мәні де осында деп санаймын. Қандай қиындық болса да, тығырықтан шығар жолдың бар екеніне сенемін. Кейде адамның алдынан тау құлағандай кедергі кездесіп, айналаның бәрі тұйыққа тірелгендей көрінеді. Сондай сәттерде үміттің иненің жасуындай ғана саңылауы қалса да, сол саңылаудан жарық түсетініне шүбә келтірмеймін. Өмірімде осындай жағдайларды талай рет бастан өткердім. Шешімі табылмайтындай көрінген мәселелердің реттеліп, көңілге медет болған сәттері аз болған жоқ. Адамдар кейде өз күшіне ғана сүйеніп, бәрін бақылауда ұстағысы келеді. Алайда өмір бізге барлық нәрсенің адам еркінен тыс екенін де ұқтырады. Біздің қолымыздан келетіні – ниет ету, әрекет жасау, сабыр сақтау және үмітті жоғалтпау. Ал нәтижесін уақыттың еншісіне, Жаратқанның жазуына тапсыру – жүректі тыныштандыратын рухани ұстаным. Аллаға сену дегеніміз – әрекетсіз күту емес, қиындыққа мойымау, қолыңнан келгенін жасау және қандай жағдайда да жақсылықтан күдер үзбеу.
Адамның қоғамдағы беделі немен өлшенуі керек деп ойлайсыз?
Адамның қоғамдағы беделі артында қалдырған өнері мен ғылымына қарай бағаланады. Дей тұрғанмен , адами қасиеттерімен де бағалау керек. Сонымен бірге шәкірттерімен де өлшенеді. Кейбір өнер адамдарының арасында шәкірт қалдырмағандары да бар. Бойыңдағы білгеніңді болашақ ұрпаққа үйретіп, аманаттау – өте үлкен сауапты іс. Мәселен, менің де театр саласында қалдырған азды-көпті еңбегім бар. «Орыс классикасы қазақ сахнасында: Гогольден Булгаковқа дейін» деген тақырыпта жұмыс жазып, қорғадым. Бұл – қазақ театрының ХХ ғасырдың 30-жылдарынан 90-жылдарына дейінгі даму кезеңін, оның 70-жылдарға қарай әлемдік драматургияға бет бұруын қарастыруға арналған зерттеу. Қазақ театрын орыс классикасынсыз қарастыра алмаймыз. Сондықтан осы тақырыпты зерттеп, өзімнен кейін белгілі бір ғылыми еңбек қалдырғаныма қуанамын.
Өзіңізді қандай әншімін деп сипаттар едіңіз?
Мен заманауи, жаңа үрдістегі әндерді орындайтын әнші емеспін. Тыңдармандарымның басым бөлігі 45, 50, 60, 70, тіпті 80 жастағы адамдар деп айтуға болады. Ұлтымыздың классикалық әндерін орындаймын. Қазақ әндері ұлтымыздың табиғи болмысымен, терең жазылған. Шама-шарқым келгенше халқымыздың әу бастан қалыптасқан өнерлік болмысын сол қалпында беруге тырысамын. Себебі бұл – ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан ән аманаты. Өзімді біреуден артықпын деп айтқым келмейді. Дегенмен әншінің үні, әнді жеткізудегі бояуы мен тембрі болады. Тембр – Алланың қалауымен берілетін қасиет. Көпшілік менің дауыс тембрімді ұнатып, ерекше екенін айтып жатады. Тіпті бір кездері: «Сіз ән айтып жатқанда, адамдарды емдеп жатқандай боласыз», – дегендер де болды. Лайым, солай болсын!
Өткенге қарап, қандай із қалдырдым дей аласыз?
Артымда тәрбиелі, ақылды ұрпақ қалдырдым деп ойлаймын. Ең бастысы, әке-шешеме, анама, туыстарыма және жарыма жаман ат келтірмеген жанмын. Досекеңнің ақ жағасын кірлетпеген, адал жармын. Әке атын өшірмей келе жатқан ұрпақпын. Әжелерімнің берген тәрбиесін жалғастырып келемін. Әрине, өнерім арқылы да із қалдырғым келеді. Радиода, телеарналар арқылы өзімнен кейін аз да болса мұра қалдырып жатсам, оны ұрпақ іздеп, тыңдап, пайдаға асырып жатса не арман бар?. Бәлкім, мен өмірден өткеннен кейін де әндерімді іздеп тыңдайтын жандар болар.
Мақтанышпен айтатын жайт. Музыкатанушылар Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін менің орындауымда үлкен халықаралық жиында, симпозиумда қазақ әнін орындаудың үлгісі ретінде ұсынған. «Қазақтың әнін міне, осылай орындау керек» деген пікір айтылған еді. Бұл мен үшін үлкен баға, әрі зор қуаныш.
Өмірде нені жек көресіз, нені кешіре алмайсыз, қандай нәрсеге сүйсінесіз және нені құптайсыз?.
Адамдардың бойындағы маған ұнамайтын қасиеттерінің бірі – бетіңе жылы сөйлеп, сыртыңнан басқа ойда жүру. Әкем де, анам да бұл жағынан ашық, таза адамдар еді. Сондықтан мен де тазалық пен адалдықты жоғары бағалаймын. Адамның жан дүниесінің таза болғанына сүйсінемін.
Менің кешіре алмайтын нәрсем – сатқындық. Сатқындыққа тап болған күннің өзінде адам өмір сүре береді. Бірақ бір нәрсе бар: жүрегіңмен құшақтай алмайсың. Мен үшін сатқындықтың орны осындай. Оны кешіруге тырысқанмен, бұрынғыдай сенім арта алмайсың.
Мен жалпы пысық, қолынан іс келетін әйелдерді ерекше құрметтеймін. Өнер дегеніміз – тек сахнаға шығып, көптің қошеметіне бөлену емес, ол күнделікті тіршіліктің өзі. Мәселен, ас әзірлеу, үйді таза ұстау, дастарқан жаю, қонақ күту – мұның бәрі кез келген әйел істейтін тірлік дегенімізбен оған да өзіндік талғам мен шеберлік қажет. Үй шаруасын атқару бір басқа да, оны ақылмен үйлестіріп, жарасымын келтіре білу бір басқа. Меніңше, әйелдің даналығы мен көрегендігі осындай қарапайым тірліктерден аңғарылады. Ақылды әйел тек істің орындалуын ғана ойламайды, оның қалай орындалғанына, айналасына қандай әсер қалдыратынына да мән береді. Ол дастарқанды талғаммен жайып, асын ықыласпен ұсынып, қонақтың көңіл күйін аңғарып, ыңғайын табады. Артық сөзсіз-ақ жағдайды бағамдап, әр нәрсенің ретін келтіреді. Мұның бәрі – өмірді түсінуден, адамды тани білуден, зерделілік пен көрегенділіктен туатын қасиет. Асқа дәм, дастарқанға көрік, үйге жылылық, қарым-қатынасқа ізет сыйлай білу мұның бәрі де ішкі мәдениет пен талғамның биіктігінің көрінісі. Осындай әйелдер отбасының берекесімен құтын келтіреді. Айналасына жылылық сыйлап, құрметі артады.
Қарагөз Сүлейменова — ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, мәдениет пен руханиятты жоғары бағалайтын жан. Оның бойынан парасаттылықты, білімділікті және өз ісіне деген жауапкершілікті көруге болады. Ол қазақ халқының тілі мен әдебиетін, салт-дәстүрін дәріптеуге ерекше мән береді.
Ақбота Бахтиярова