Саясаткердің рейтінгісі 33-ке дейін түсіп кетті. Осылайша, Лейбористер басты қарсыласы консерваторлардан 1 тармаққа ғана ілгері тұр. Лейбористерге дауыс берген халықтың жартысына жуығының үкіметтің қазіргі жұмысына көңілі толмай отыр. Олар өздерін алданғандай сезінетін көрінеді.
Стармердің сәтсіздіктерге ұшырауының басты себебі — биліктегілердің өзара ішкі күресі болды. Беделінің төмендеуіне, әсіресе, премьер-министр кеңсесінің басшысы Сью Грейді ауыстыру туралы шешім әсер еткен. Грей – 30 жылдан астам үкіметтік тәжірибесі бар маман. Оның Стармерге оппозициядан премьер-министрлікке өтуге көмектесу үшін шақырылғаны белгілі.
Алайда Грейдің Даунинг-стриттегі жұмысына Стармердің командасы наразы болды. Нәтижесінде үкімет басшысы Грейді қызметінен босатып, оның орнына Лейбористердің сайлаудағы жеңісіне үлкен үлес қосқан саяси стратег Морган Максвиниді тағайындады.
Максвини саяси науқандарға басшылық етуде өте тәжірибелі болғанымен, Грей сияқты үкімет бюрократиясын терең түсіне алмайды. Сәйкесінше оның Даунинг-стритті тиімді басқара алатындығына күмән тудырады. Оның тағайындалуы Стармердің саяси адалдық пен стратегиялық ұстанымдарды үкіметтік тәжірибеден жоғары қойғанын көрсетеді.
Ішкі даулар халықтың ашуын туғызды. Егер Стармер өз командасын басқара алмаса, мемлекетке қалай басшылық етеді деген күмән пайда болды. Пәтер жалдаушыларды қолдау және жоспарлау реформалары сияқты үкіметтің оң бастамалары Даунинг-стриттегі даулардың көлеңкесінде қалып қойды.
Стармердің абыройын айрандай төгіп отырған тағы бірнеше фактор – елдегі өмір сүру құнының өсуі мен денсаулық сақтау жүйесіндегі олқылықтар. Көпшілік саясаткерден батыл қадамдар күткенімен, Стармер аса сақтықпен әрекет етіп, халықтың сеніміне көлеңке түсіріп отыр. Жақында өтетін инвестициялық саммит пен бюджеттік талқылаулар алдында Стармер халықты өзіне қарата алуы керек, бірақ оған дейін аз ғана уақыт қалды.