Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 22-24 мамыр аралығында Алматы қаласында конкурстық іріктеудің екі кезеңінен сәтті өткен киножобалардың питчингін өткізді. Ашық қорғау форматында ұйымдастырылған питчингте Сараптама кеңесі 95 жобаны жан-жақты талдады.
Талқылау соңында Сараптама кеңесі дауыс беріп, нәтижесінде ұлттық фильм мәртебесіне үмітті 34 киножоба оң қорытынды алды. Әрі қарай жобалар Ведомствоаралық комиссияның қарауына жолданатын болады. Жобалар тізімі сілтеме арқылы қолжетімді.
Биыл байқауға қызығушылықтың жоғары болғанын атап өткен жөн. Конкурсқа барлығы 323 өтінім түсті, олардың ішінде көркем, деректі және анимациялық фильмдер секциясы қамтылды. Сараптама кеңесінің қарауына 277 жоба жолданды. Бағалау нәтижесінде 107 сценарий мен сценарийлік жоспар екінші кезеңге өтті. Бұл кезеңде қатысушылар толық құжаттар пакетін ұсынды. Қорытындысында 95 жоба питчингке жолдама алған болатын.