Бүгін Қызылорда облысында «Құзыреттілік орталығында» Спорт күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен спорт саласының ардагерлері қатысты. 

Аймақ басшысы саланы дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, спортшылардың жетістіктеріне жоғары бағасын берді. 

«Баршаңызды Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Спорт – ерік-жігердің мектебі, мінезді шыңдайтын алаң, ұлт рухын көтеретін күш. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақстан – спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз. Халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыру – біздің ортақ міндетіміз» - деп атап өткен болатын. 

Сыр спортындағы байыпты бастамаларымыз бен өміршең жобаларымыз республика аумағында үлгі ретінде қолданылуда. Біздің ортақ жетістігіміз баршамызға зор жауапкершілік жүктейді.

Сыр өңірінің спортшылары әлемдік додалар мен 

ел біріншіліктерінде әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің атын әлемге танытуда.

 Халықаралық аренада көк туымызды көкке көтерген сырбойылық спортшылар жыл басынан бері Әлем, Азия чемпионаттарынан 31 алтын, 16 күміс, 22 қола медаль жеңіп алды. Ал ел біріншіліктерінде 120 алтын, 100 күміс, 162 қола медальға қол жеткізді.

Өткен айда Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен волейболды отырып ойнаудан Әлем чемпионатында ұлттық құрама өкілдері қола жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама сапында жерлестеріміз Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов, Ерасыл Әбдібек өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Шыңғыс Медеуов Әлем чемпионатының «Үздік ойыншысы» атанды. 

Өткен аптада Германияның Дортмунд қаласында өткен грек-рим күресінен халықаралық турнирде Сыр мақтанышы Айдос Сұлтанғали жеңімпаз атанып, ел мерейін үстем етті.

Күні кеше ғана өзіміздің «Қайсар» футбол командасы Қазақстан Кубогының жартылай финалында астаналық «Жеңіс» командасын жеңіп, финалға жолдама алды. Бұл жетістіктер - мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі», - деді Мұрат Нәлқожаұлы. 

Салтанатты шарада волейболды отырып ойнаудан Әлем чемпионатында қола жүлде алған ұлттық құрама сапындағы Сыр спортшыларына аймақ басшысы 1 млн теңге қаржылай сертификат табыстады. 

Сондай-ақ, спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар облыстың Құрмет грамотасымен, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Спорт саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен, министрдің Алғыс хатымен марапатталды. 

Айта кетейік, соңғы төрт жылда Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы, Теннис, Инклюзивті спорт орталықтары және 24 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. 

Қаланың сәулеттік келбетіне көрік берген жаңа стадионға УЕФА-ның 4- санаттағы жоғары мәртебесі беріліп, республикалық және халықаралық футбол ойындарын өткізуге мүмкіндік алды.

Облыс орталығында аумағы 25 мың шаршы метр «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. 

Бүгінде аймағымызда 388 мыңнан астам тұрғын 

бұқаралық спортпен жүйелі шұғылданады. Спорт резерві мен жоғары дәрежелі спортшыларды даярлайтын 33 спорт мектебінде 22 мыңнан астам шәкірт кәсіби бағытта тәрбиеленеді.


Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі