– 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шешімімен 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке болып бекітілді. Осындай айтулы мереке қарсаңында Семей қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жаңа пәтерлердің иегерлері атанып отыр. Шаңырақтарыңыз берекеге толы болсын!, - деді қала басшысы Нұрбол Нұрсағатов.

Фото: Семей қаласы әкімдігі

Соңғы жылдары Семей қаласында құрылыс қарқыны айтарлықтай артып, көптеген тұрғын үйлер бой көтерді. Мемлекет басшысының қолдауымен 2023 жылы 211 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Ал 2024 жылдың басынан бері пәтер кезегінде тұрған 334 азамат баспанамен қамтамасыз етілді.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған О. Мирошченко 2011 жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын айтып, зор ықыласын жеткізді. Бүгін ол Қарағайлы шағын ауданында 57 шаршы метр, 2 бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Айта кетейік, тұрғын үй соңғы үлгіде, мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп шығуына ыңғайлы етіп жасалған. Баспаналы болған тұрғындар облыс және қала басшылығына алғыстарын білдірді.