Осы сөз тіркесінің мағынасына терең үңілсек, түбі – рухани соқырлық дегенге алып келетін сияқты. Расымен, кейде рухани соқыр күйде жүреміз. Жан-жағымызды терең танудың орнына тырнақ астынан кір іздеп, пенделік күйден шыға алмай жатамыз. 

Кезінде Маңғыстау облысын басқарған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Е.Л.Тоғжанов туралы теріс пікірдегі жазбаларды көріп қалып, біз әлі Хәкім Абай сипаттаған деңгейден аспаған екенбіз деген ойға келдім. Сонда не дейді дейсіз ғой. Әкім мырза кезінде берген уәдесін орындамаған-мыс дегенге саяды. Жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік секторды жандандыру бойынша бұрын өткен жиынның бейнекадрларын қиып салыпты... 

Өз басым Маңғыстау жаққа жиі барып тұрамын. Достарым бар. Әріптестерім жетеді. Ағайын-тума бар дегендей. Солардың барлығы Тоғжановтай әкімді бұрын-соңды көрмедік дегенді айтады. Облысты басқарған тұста, кабинетте отырмайтын, үнемі іс басында жүретін. Шару шешетін. Ең күрделі деген күрмеулі сұрақтың өзінің иінін қандырып, оңтайлы шешетін. Шалғай ауылдарға шыққанда, арнайы маршрутты бұзып, кестеде бекітілмеген сұрақтарды да қамтып өтетінін талай мәрте көргенбіз. Ауыл-ауылды аралап, қарапайым ел азаматтарымен амандасып, тіршіліктерімен танысқанда... «бұл қалай өзі? Облыс басшысы түгілі, аудан әкімі бізге келіп көрмеген» деп таңданыстарын жасырмайтын дегенді талай естігенбіз әріптестерден.

Хәкім Абай, Дана Әбіш, кино өнерінің шоқжұлдызы атанған Жантөриннің ескерткіштерін қайта орнатып, жаңалаған осы Тоғжанов емес пе? Әулие бабамыз – Бекет атаға баратын жолды жаңалап, Жаңаөзеннің автобанын салып берген де осы Тоғжанов емес пе? 5 мемлекет басшысын жинап, саяси жиынды биік абыроймен өткізді. Игілігін ел көрмейді ме? Сол жылдары қанша көше жаңаланып, асфальт төселді. Қосымша жұмыс орындары ашылды. Қоқыс орнына айналған Каспий жағалауы толықтай жаңаланды. Маңғыстау ғана емес, елдің бас қатыру мәселесіне айналған – газ сұрақтары да сол кездері тұрақталды. 55 теңгеден аспады. Өздеріңіз білесіздер, кейін, баға аспандап 100 теңгеге дейін қымбаттағанын ұмыптаған шығарсыздар... Осындай жұмыстар өздігінен жасалмайды. Түрлі мүдделілер қақтығысы бар. Талай ойындар мен қысымдардың болғаны анық. Ойын демекші, әлгіндей бейнекадрларды таратып, ел арасына «ақпарат» таратып жүргендердің өзі белгілі бір мүдделі топтың ойыншысы болып кетуі ғажап емес. Біреулерге ойын керек. Халыққа тұрмыс керек. 

Қазақтың белгілі ақыны Оңайгүл Тұржанның бір сахнада тұрып, бұған дейінгі басшылар Маңғыстаудың мұнайын қазса, Тоғжанов Маңғыстаудың 1000 жылдық тарихы мен руханиятын жаңғыртты дегенін де ел аузынан естігенбіз. 

Түйіндей айтқанда, мен білетін Е.Тоғжанов нағыз кризис кезінде өз міндетін мүлтіксіз атқарған адал азамат. Елшіл, мемлекетшіл тұлға

Автордың әлеуметтік желідегі жазбасынан 

Фото ашық дереккөздерден алынды