Президентке егістік алқаптарын әртараптандыру, шаруаларға жеңілдетілген несие беру тетігін арттыру, ауылшаруашылық техникалары лизингін дамыту жұмыстары жайында мәлімет берілді.

Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім көлемін 70 пайызға дейін арттыруға бағытталған шаралар қолға алынғанын баяндады. 2026 жылдың алты айында тағам өнімдерін өндіру 14,7 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 4,4 пайызға, соның ішінде егін – 7,7 пайызға, мал шаруашылығы 4,4 пайызға өсті.

Сонымен қатар экспорт көлемі мен шетелге шығарылатын өнім түрлері де көбейіп келеді. Биылғы қаңтар-сәуір айларында АӨК өнімдерінің экспорты 3 миллиард долларды құрады, бұл былтырғы сәйкес кезең көрсеткішімен (2,2 миллиард доллар) салыстырғанда 36 пайызға артық. Жыл соңына қарай экспорт көлемін 7,2 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланған.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қабылданған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жүзеге асырылуы туралы ақпарат берді. Барлық санаттағы шаруашылықтарды қамтитын жеңілдікпен қаржыландыру жүйесі қалыптасты. Қабылданған шаралар мал басын көбейтуді, саланың өнімділігін көтеруді және ет өнімдерінің экспортын арттыруды көздейді. Жайылымдық мал шаруашылығын ілгерілетуге ерекше назар аударылып отыр.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында 2030 жылға дейін ветеринарияны дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Оның аясында ветеринарлық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, саланы қосымша қаржыландыру және нормативтік-құқықтық базаны жаңарту қарастырылған. Агроөнеркәсіп кешенін цифрлық тұрғыдан трансформациялау жалғасуда. «Е-АӨК» бірыңғай цифрлық платформасы базасында мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен жаңа цифрлық сервистер біріктіріліп жатыр.

Болжамға сәйкес, жыл соңына дейін ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5,9 пайызға артады. Тағам өнімдері өндірісін 9,5 пайызға, сусын өндірісін 10,5 пайызға ұлғайту көзделген. Саладағы негізгі капиталға 2,2 триллион теңге инвестиция салынбақ.

Кездесу соңында Президент ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, қосылған құны жоғары өндірісті жандандыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөнінде бірқатар тапсырма берді.


Ақорда.кз