М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне Басқарма мүшесі – тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор қызметіне Қанат Ауесбай тағайындалды.
Қанат Ауесбай – филология ғылымдарының кандидаты, педагог. Жоғары білім, ғылым, медиа және қоғамдық коммуникациялар саласында мол тәжірибесі бар маман.
Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша үздік тәмамдаған. «Болашақ» бағдарламасы аясында Ұлыбританиядағы University of East Anglia университетінде ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өткен. Сонымен қатар экономика және бизнес саласында білімі, құқық магистрі дәрежесі бар.
Кәсіби жолы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетімен, сондай-ақ «31 арна», «Қазақстан», «Astana» телеарналарымен байланысты. РТРК «Қазақстанда» тілші қызметінен бастап, digital бағытының директорына дейінгі жолдан өтті. Қанат Ауесбай – ғылыми жарияланымдардың авторы, оның ішінде Scopus базасына енген еңбектері бар. Бірқатар мемлекеттік және салалық марапаттардың иегері.
Жаңа қызметінде ол университеттің тәрбие және әлеуметтік саясатын дамытуға, студенттік бастамалар мен жастар жобаларын қолдауға, студенттермен тиімді әрі ашық коммуникация орнатуға жетекшілік етеді.
Қанат Ауесбайға жаңа қызметінде сәттілік, тың бастамалар мен толағай табыстар тілейміз!, - делінген оқу орны жариялаған жазбада.
Редакция ұжымы әріптесіміздің жаңа қызметіне тек сәттілік тілейді!