Ғалымдардың зерттеуінше, 25 миллион жыл бұрын ғаламшарымыздағы климат өзгеріп, ормандар мен бұталы алқаптар, шалғындар құрғақшылыққа ұшырап, жер беті кебе бастаған. Осы өзгерістен соң таулы-тасты далалар қалыптасып, тұрқы қазіргі жылқыға ұқсас жылқының ататегі қалыптаса бастайды.

Жұмсақ айыр тұяқтары қатты тұяққа айналып, енді секіріп, жылдам жүруіне жағдай туыпты. Арада 13 миллион жыл өткен соң эогиппустан дене тұрқы киіктей, әр аяғында үш айыр тұяғы бар, жылдам шаба алатын гиппарион деген жануар пайда болған деседі.

Павлодардағы «Қазқонақ» табиғи ескерткіші — ежелгі заманда өмір сүрген жануарлардың қаңқасы сақталып қалған ғажайып жер. Ертіс өзенінің жарлауыт тұсында орналасқан ескерткіштен 1928 жылы палеонтологтар 5-7 млн жыл бұрын өмір сүрген түрлі жануарлардың сүйектерін тапқан.

Оны жинағанда екі вагон шыққан екен. Кейін ол Мәскеуге жөнелтіліп зерттеледі. Осы қаңқалардың арасында Гиппарион жылқысы да бар.

Фото: pavon.kz

Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім жетекшісі Надежда Майбаның сөзінше, гиппарионның бойы аласа, әр аяғында үш тұяғы болған. Шөпқоректі жануар шапқанда көбіне алдыңғы үлкен тұяқтарына күш салып, баяу жүргенде үшеуіне де сүйенген.

Бұл өлкеде ежелде өсімдіктердің мол қоры болғаны байқалады. Гиппариондар үйірімен жүріп, Солтүстік Америкадан Еуропаға, одан соң Азия аумағына тараған деп болжанады.

Уақыт өте келе осы гиппариондар қазіргі жылқы тұрпатына келе бастайды. Қазақ жылқысы да — соның ұрпағы. Деректерде алғашқы болып Ботай мәдениеті — энеолит дәуірінде қолға үйретілген деп көрсетіледі. 10 мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерін мекен қылған.

Археолог В.Зайберттің зерттеуі бойынша, сол кездегі ботай тұрғындары биенің сүтінен кымыз дайындаған. Оған шамамен 5 мың жылдай уақыт өтті. Қазіргі қазақ жылқыларында ертедегі ботай жылқыларының 2,7 пайыз қаны бар. Қазақ жылқыларының тұқымын қалыптастыру сол дәуірде басталып, мыңдаған жылдар бойы жалғасып келеді.

Негізі кезінде кеңес ғалымдары «Қазқонақ» ескерткішінен 200 гиппарионның қаңқасын жинап әкеткен деседі. Одан бөлек, 60 түрлі ежелгі жануарлардың, соның ішінде 20 алып бұғының, 40 керіктің, 130 мүйізтұмсықтың сүйектерін алған. Өкінішке қарай, бұл археологиялық олжалар кейін Қазақстанға қайтарылмаған.

Фото: pavon.kz

Бүгінде «Қазқонақ» әлемде теңдесі жоқ 20 табиғи ескерткіштің қатарына енеді. Ал дәл мұндай ерекше орын Павлодарда және грек елінің астанасы — Афина шаһарында бар.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында жылқының жаңа типі өсіріліп жатыр.