Бұл жоба сотталғандар үшін жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, жергілікті өндірісті қолдау мен тұрақты дамуға бағытталған.
Табиғи қоспалардан дайындалған кір сабын халал стандарты талаптарына толық сәйкес келеді. Соған орай тұтынушылар арасында сұранысқа ие болады деген сенім зор. Ал Tauba бренді бойынша тігілетін спорттық костюмдер сапа мен стильді үйлестіріп, сотталғандарға өз шығармашылық қабілеттерін көрсетуге де мүмкіндік беріп отыр. Олар бұл дағдыларын ертең бостандыққа шыққанда әрі қарай ширата түсері анық.
«Біз бұл тәсілдің қамаудағы адамдарға қатысты көзқарасты өзгертуге көмектесетініне сенімдіміз. Жобаларымыз сотталғандарды оңалту мен әлеуметтендіруге, сондай-ақ нарықта сұранысқа ие өнімдерді өндіруге бағытталған», - дейді мекеме басшысы Сұлтан Бакин.
Өндірілген өнімдер жергілікті және ұлттық нарықтарда қолжетімді болады. Бұл сотталғандардың еңбекке орналасу және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін арттырады. Бұл жобалардың іске қосылуы инклюзивті және әлеуметтік бағытталған қоғам құру жолындағы қадам деп бағаланып отыр.
Еске сала кетейік, СҚО-да түрмедегілер омарташы және жібек құртын өсіруші мамандықтарын меңгереді.