Достар, өздеріңіз білесіздер, 1 наурыз - 2015 жылы күнтізбемізге Алғыс айту күні болып енді. 2016 жылы жалпы халықтық сипатта тойланды. Қиын-қыстау заманда теперіш көрген этностар мен жергілікті халық арасындағы бірлік пен тең дәрежедегі достықты дәріптейтін мерейлі күннің маңызы өте зор. Ашығын айту керек, кезінде қазақ даласынан пана тапқан сан түрлі ұлт өкілдерінің ұрпақтары дәл осы күні қазақ халқына алғыс айтамыз деген бастаманы көтерген болатын. Кейін, баланың әке-шешеге, ата-ананың балаға алғысы, достар мен әріптестердің өзара алғыс айтуына ұласып, халықтық игі іске айналды.

Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев «Өзара құрмет көрсету, өзгеге жанашырлықпен қарап, шынайы тілеулес болу – ұлтымыздың бойына сіңген қасиеттер. Алғыс айту дәстүрі төл руханиятымыздың темірқазығы ретінде ел ішіндегі сенім мен бірлікті нығайтуға зор ықпал етіп келеді» - деп атап өткен болатын. Расында, біз өзара құрмет пен жанашырлық сезімін күшейтіп ғана, ынтымақ-біргімізді сақтай аламыз. Қазақ елінің Тәуелсіздігін баянды ете аламыз. Қазақстандықтарға Тәуелсіздік пен бейбіт өмірден артық құндылық жоқ. Сондықтан, достар! Киелі Отанымға адал қызмет ету жолында береке –бірлік тілеймін. Көктемнің мерейлі мерекесі әр шаңыраққа игі жақсылығымен келсін!