Шараға Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова, ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай және шетелдік ЖОО филиалдарының өкілдері қатысты.
«Study in Kazakstan» көрмесінің негізгі мақсаты – Қазақстаннан шықпай-ақ шетелдік ЖОО-да білім алуға мүмкіндік жасау. Қазіргі таңның өзінде еліміздің көптеген өңірлерінде шетелдің білікті ЖОО-мен байланыс орнатылып, қос диплом жүйесі бойынша білім алуға жағдай жасалған. Алдағы уақытта шетелдік жоғары оқу орындарының санын арттыру көзделуде. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев өз баяндамасында атап өтті.
«Сіздердің білім алуларыңызға еліміз тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Алдағы уақытта шетелдік ЖОО филиалдарының санын арттырып, қос диплом бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады. Осы өтіп жатқан көрмеден керекті ақпараттарды ала аласыздар деген сенімдемін. Сіздерге алдағы уақытта сәттілік тілеймін!», – деді Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, талапкерлер шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесімен түсе алады. Бұл дегеніміз – елімізде жүріп, өзіңіз армандаған оқу орнының дипломына қол жеткізуге бірден-бір мүмкіндік.
Ғылым және жоғары білім министрлігі