Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2026 жылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы қатысты.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен өңір әкімдері баяндама жасады.
Жиында биылғы жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге талдау жасалып, негізгі салалардағы өсім қарқыны сараланды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 4,1 пайызға өсті. Нақты сектордағы өсім 5,1 пайызды, қызмет көрсету саласы 3,5 пайызды құрады.
Экономиканың негізгі бағыттарында тұрақты оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда, құрылыс саласы 15,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, көлік қызметтері 7,1 пайызға өсті. Сонымен қатар сауда көлемі 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға және байланыс қызметтері 4,3 пайызға артқан.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бірінші жартыжылдықтағы инфляция деңгейі 10,3 пайыз болғанын айтып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында Үкіметпен бірлескен жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді.
Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасаған қаржы вице-министрі Ержан Біржанов трансферттерді есепке алмағанда мемлекеттік бюджет кірісі 8,5 триллион теңгені құрағанын мәлімдеді. Бюджет шығыстары 98,2 пайыз деңгейінде орындалған. Әлеуметтік міндеттемелерді орындауға басымдық беріліп, зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеуге 3,6 триллион теңге, өңірлерді қолдауға 3 триллион теңге, нақты секторды дамытуға 1,3 триллион теңге бағытталған.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел экономикасын әртараптандыру және тұрақты өсуді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
– Жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында тұрақты экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу үдерісі жүріп жатыр. Экономиканы белсенді әртараптандыру, заманауи инвестициялық экожүйені қалыптастыру, инновациялық кластерлер мен өнімділігі жоғары индустрияларды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Үкіметтің қадамы экономика салаларында қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдалануға бағытталып отыр, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр экономиканың тұрақты өсімін сақтау үшін мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бір ай ішінде металлургия саласын ынталандырудың қосымша тетіктерін әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар өңір әкімдіктерімен бірлесіп барлық инвестициялық жобаларды зерделеп, проблемалық мәселелерді анықтап, оларды шешудің нақты жолдарын ұсыну міндеті қойылды. Үкімет басшысы тұрғын үй құрылысының қарқынын төмендетпеуді және әлеуметтік, инженерлік әрі денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын салу жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Энергетика саласында мұнай мен газ өндірудің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу, көмірді терең өңдеу жобаларын кеңейту және жаңа инвестициялар тарту міндеттері белгіленді. Сонымен бірге Премьер-министр Түркістан облысында салынып жатқан бу-газ қондырғысының белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі ерекше бақылауда екенін атап өтті. Бұл жобаның уақытылы аяқталуына Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы тікелей жауапты екені ескертілді.
Көлік саласында транзиттік әлеуетті күшейтуге басымдық берілді. Осы жылдың соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі мен басқа да стратегиялық теміржол жобаларын аяқтау, вокзалдарды жаңғырту, автомобиль жолдарының сапасын қамтамасыз ету және көлік саласын цифрландыру жөнінде тапсырмалар берілді. Сонымен қатар Smart Data Transport бірыңғай деректер платформасын қалыптастыру арқылы жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету, егін жинау науқанын сапалы ұйымдастыру және инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыру міндеті жүктелді. Сондай-ақ мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту, қант қызылшасын тасымалдауды субсидиялау және мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал басын көбейту жұмыстарын жеделдету тапсырылды.
Сауда саласын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Премьер-министр барлық өңірдің өз әлеуетін тиімді пайдаланып, өндіріс орындарын көбейту, инвестиция тарту және тауар айналымын арттыру бойынша нақты көрсеткіштер белгілеуі қажет екенін айтты. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне бір ай ішінде Сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеу тапсырылды. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы жаңа өндірістер мен кәсіпкерлік орталықтарын дамыту қажеттігі атап өтілді.
Үкімет басшысы жиынды қорытындылай келе, орталық мемлекеттік органдар мен өңір әкімдерінің экономиканың жоспарланған өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жеке жауапкершілігі жоғары екенін айтып, барлық қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану қажеттігін тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикада көш бастап келеді. Биылғы 5 айда қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, облыс республикада 1-орынға шықты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі