«Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде «бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін» деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздыруда», – деді Мәжіліс өкілі.
Сонымен қатар ол мұндай ұнамсыз әрекетке шоу-бизнес өкілдерімен бірге айтыскерлердің де барып жүргенін атап өтті.
«Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Кейбір деректерде еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллин долларға жеткені айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 млрд долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?! Тіпті мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылдың 23-ші қарашасында петиция да жариялаған екен. Өкінішке орай қараусыз қалса керек», - дейді депутат.
Сондай-ақ ол Үкімет инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейту керек деп есептейтінін айтты.
«Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы» Заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды. Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс. Халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет», - деді Жарқынбек Амантайұлы.