Алматы ауданының әкімдігі өнер мектебінің негізін қалаушы Ибрагим Ескендірмен бірлесіп, 100 жас домбырашының қатысуымен ауқымды флешмоб ұйымдастырды.

"Отан Қорғаушылар" монументі алдында ұлттық киім киген мектеп оқушылары патриоттық әндер -  "Көк тудың желбірегені" мен "Отан қымбат" шығармаларын орындады. Вокалдық қойылымнан кейін флешмоб қатысушылары домбырамен өз шеберліктерін көрсетіп, кеңінен танымал күйлер - "Ерке Сылқым" және "Балбырауын" туындыларын орындады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция жастар арасында ұлттық рухты күшейтуге, Тәуелсіздік рәміздеріне құрметпен қарауға және қазақ халқының бай мәдени мұрасына баулуға бағытталған.

Биыл 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай елордада ауқымды патриоттық шаралар ұйымдастырылуда. "Менің рәміздерім - менің мақтанышым!" акциясы аясында қала аумағындағы мемлекеттік органдарда, аумақтық департаменттерде, сот мекемелерінде, білім беру ұйымдарында және өзге де мекемелерде шамамен 500-ге жуық патриоттық іс-шара өтіп жатыр.